Оралда Жайық жағасындағы саяжай жолын тасқын су бұзып өтіп, қазір арғы бетте қалған адамдарды құтқарушылар эвакуациялап жатыр. Полиция қызметкерлері де күні-түні күзетте. Су басқан үйлерде ұрлық-қарлық дерегі тіркелген жоқ. Ал эвакуациялық орталықтарда дәрігерлер екі ауысыммен тұрғындардың денсаулығын бақылауда. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тасқынмен күрескен шұғыл қызмет мамандарымен тілдесті.
Қала іргесіндегі саяжай жолын Жайықтың нөпір суы бұзып өтті. Арғы бетте қалған тұрғындарды құтқаруға республикалық жедел құтқару жасағының қызметкерлері шұғыл жетті. Ғани Амантай бастаған құтқарушылар Алматыдан екі апта бұрын келген. Жасақ құрамында 20 адам бар. Әуелі Ақтөбеде тасқынмен күресті. Қазір Оралда. Тұрғындарға екі апта бұрын ескертілсе де, әлі де үйлерін қимай, көшуден бас тартып жатқандар бар.
Ғани Амантай, республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
Эвакуациядан бас тартып жатқан адамдар болды. Бірақ Орал қаласының тәртіп сақшыларымен бірге жұмыс істеп, алып шықтық үйлерінен. Эвакуация жасаймыз, құтқарамыз, су соңына дейін кеткенше осы Орал қаласында боламыз.
Полицейлер де күні-түні күзетте. Су басу қауіпі бар аумақтарды аралап, тұрғындарға шұғыл көшуін ескертеді. Тіпті әр үйдің есігін қағып, табан тоздырады. Тікелей қызметтен бөлек, құтқарушылармен бірге адамдарды арқалап та, қайықпен де құтқарып жүр. Солардың бірі - қатардағы полицей Дидар Өтепов.
Дидар Өтепов, Шаған полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторы:
Вымпел саяжайының төрағасы маған хабарласып, бір ер адам үйі суға кетіп қалған, көмек сұрап отыр екі күннен бері, телефон қуаты өшіп қалған, үйінің төбесінде отыр деп хабарлады. Көмек сұраған азаматтың үйін тауып алып, төбеден түсіріп, қайықпен жағаға шығарып, әрі қарай Деркөлдегі эвак-қ орталығына аман-есен жеткіздік.
Ал эвакуациялық орталықтарды паналаған тұрғындар күні-түні дәрігерлер бақылауында. Саулығын тексереді. Екі ауысыммен кезекшілікте тұрады. Тазалықты қадағалайды. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға жәрдем беріп, дәрі-дәрмекпен қамтиды.
Гүлшарат Құсайынова, мейірбике:
Қан қысымын, температурсын өлшейміз. Балалардың қызуын қараймыз. Екі мезгіл жасалынады осы процедуралар. Ауырып қалған балалар болды. Оларды кезекші дәрігер шақыртып қаратып, облыстық клиникалық ауруханаға жібердік.
Облыста тасқынмен күреске түрлі сала өкілдерінен 6 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Сын сағатта сыр бермей, қалтқысыз қызмет еткен мамандар әрдайым сапта.
Ардақ Мұратқызы