Апат болған аймақтарды аралап келген депутаттар сауал жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апат болған аймақтарды аралап келген депутаттар сауал жолдады

17.04.2024

Су тасқыны болған аймақтарды аралап келген депутаттар парламент мәжілісінде елдің жағдайын айтып, үкіметке депутаттық сауалдарын жолдады. Ең басты мәселе – зардап шеккен азаматтарға барынша жедел әрі толық көлемде өтемақы беру. Сондай-ақ, мәжілісте бірқатар заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланды. Рет-ретімен тілші тізіп өтсін.

Велосипедтің ағасы, мотоциклдің інісі – мопед деген транспорт құралы бар. Тап бір санатқа жатқыза алмайсыз, Сондықтан, заңға да бағынбайды. Жол ережесін білмейтін баланың өзі мопедті мініп алып, жүйткіп жүр. Салдарынан былтыр мопедтің қатысуымен 750 жол апаты болған. Енді, сол мопедт жүргізушілеріне қатысты талап енгізілмек. Әуелі қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтер мемлекеттік тіркеуден өтеді.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Негізінен мопедтер елімізге тауар ретінде келеді, яғни құжаттары жоқ. Тек кассалық чек қана беріледі. Сондықтан, тексеру жүргізіліп, көлікті тексеру актісі жасалады деп шештік. Жеке кодты анықтаймыз. Егер код болмаса, оны өзіміз береміз. Азамат мемлекеттік баж салығын төлейді. Айлық есептік көрсеткішке тең. Өтініш жазып, жеке куәлігін ұсынады. Осыдан басқа құжат көрсетпейді. Сондықтан мопедті тіркеу қымбатқа түспейді деп санаймыз.

Мопед жүргізушісін механикалық көлік құралдары жүргізушімен теңестіру қарастырылған. Яғни, жүргізуші куәлігі һәм онда «А1» категориясы болу керек. Бұл әлі де талқыланып жатқан ұсыныс. Бұдан бөлек, қала аумағында күндіз автокөліктің жарық шамын жақпағандарға айыппұл салынбауы мүмкін, яғни тек ескерту жасалады. Ал, жылдамдықты 60-тан тым жоғары асырғандарға қатысты жаза күшейтілмек. Айыппұл өседі. Хош, жол апатын заңмен азайтуға болар, ал табиғи апатпен күресу қиын болып тұр. Бір топ депутат су тасыған аймақтарға барып, елдің арыз-шағымын тыңдап, бүгін депутаттық сауалдарын жолдады.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елдің еңсесін көтеру үшін апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды сұралады. Сонымен қатар, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұраймыз

Ринат Заитов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі - өтемақы. Ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып, акт жасауы шарт.Бұл өңірдегі басты мәселе.

Күні кеше мемлекет басшысы зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетілетінін және барлық шығын өтеліп, әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болатынын айтты. Енді, үкімет сол өтемақыны есептеу альгоритмин анықтап, комиссия жедел әрі әділ шешім қабылдаса игі.


Хабарламаларға жазылу