Мәжіліс депутаты: бөгет құрылысына жауапты тұлғалар жазалануы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаты: бөгет құрылысына жауапты тұлғалар жазалануы керек

17.04.2024

Жүргізуші: Алматы іргесіндегі «Ақсай» бөгетінің құрылысына жауапты тұлғалар жазалануы керек. Осылай деген мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек аяқсыз қалған нысаннның кесірінен мыңдаған тұрғынға қауіп төніп тұрғанын айтады. Ал, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары биыл жауын-шашын мен қардың көп түсуінен көшкін жүруі мүмкін екенін ескертіп отыр.

Қуан Нұрақын, тілші:

 Мына салынып жатқан бөгеттің негізгі мақсаты – таудан аққан лай көшкіні мен алып тастарды ұстап қалу. Себебі, шатқалдың жоғарғы жағында 25 ірі мұздық пен 20-ға жуық мореналды көл бар. Егер олар жаз айларында күрт еріп, төменге ағар болса етекте орналасқан 5 елді мекенге, яғни, 30 мың халыққа қауіп бар.

«Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары жазға дейін тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ дейді. Су деңгейі қазір қалыпты жағдайда ағып тұр. Алайда күн ысыған күннен бастап мұздықтар еріп, мореналды көлдер арнасын бұзып кету қаупі бар екенін айтады. Бұған аяқсыз қалған бөгет төтеп бере алмайды, - дейді жауаптылар.

Әлішер Тоқтасын, «Қазселденқорғау» ММ АЛМАТЫ қалалық басқармасының бөлім басшысы:

Ол жерде топырақтар үйіліп тұр ғой қазір. Сонымен қоса төмен қарай шайып кетіп, топырақ аралас, тас басқа да матиериалдар араласқан сел төмендегі нысандардың Наурызбай ауданына қауіп төндіруі мүмкін.

«Ақсай» өзенінің жағалауында бес елді мекен мен жүздеген бизнес нысаны бар. Тұрғындар да, кәсіпкерлер де қауіп барын біледі.

Қанияр Өмешов, кәсіпкер:

Сақтықта қорлық жоқ. Қауіп енді жан-жақтан болып жатыр ғой. Алла сақтасын. Су басқан жағдайда ғимараттарымыздың бәрін заңдастырып, құжаттардың бәрін дайындап отырмыз.

Былтыр Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының нұсқауымен бөгеттегі құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Себебі, жобалау құжаттарына 2021 жылы өзгертулер енгізілген. Алайда мердігер компания сараптаманың оң қорытындысын алмастан жұмысты бастап кеткен. Мәжіліс депутаты сондықтан жауапты тұлғалар заң аясында жазалануы тиіс дейді.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Құрылыс жұмыстарын жүргізген жеке кәсіпорын мойындап отыр. «Қазселденқорғау» өзінің іс-әрекетінің заңсыз екенін мойындамай отыр. Тергеу орындары ТЖМ 2021-2023 жылдар аралығында басқарған және осы жобаға тікелей жауапты лауазымды тұлғаларды тергеп-тексеруі тиіс. 

Осылайша тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс нысанның жұмысы қазір тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстары енді қашан жанданатыны белгісіз. Осы жағдайға қатысты Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық іс қозғаған. Мердігер компанияның бірқатар жауапты тұлғасы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу