Қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумы өтті

18.04.2024

Бүгін Астанада қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумы өтті. Оған ЕЛІМІЗДІҢ мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов және ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Форумның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы сан түрлі бағыттағы ынтымақты одан әрі арттыру.

Қазақ-қырғыз бауырлас ел. Шекара ғана емес, тарих, мәдениет, руханият та астасып жатыр. Қазақ пен қырғыз аудармашысыз-ақ, емін-еркін әңгіме-дүкен құрады. Соған мысал осы алқалы жиын. Әуелгі сөзді Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі бастап, Манас жырының зерттеліп, ғылыми айналымға енуіне ғалым Шоқанның үлесін айтты. Қос елдің ортақ өнері – айтыстың мән-мағынасына тоқталып, Сүйінбай мен Қатағанның айтысын үлгі етті. Айтматов пен Әуезовтың ағалы-інілі байланысын, достығын қазақ-пен қырғыздың ынтымағына балады. Қиын кезде демеу көрсетер бауырмалдыққа да екпін түсірді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Елімізде табиғи апат орын алып, қарғын су кемелінен асқанда Қырғызстан ең бірінші болып, гуманитарлық көмек жіберді. Осындай қиын-қыстау кезде қол ұшын созып, көмек бергендеріңізге сіздерге әрқашан ризашылығымызды айтамыз. Бұл да бауырластықтың, бірліктің, жанашырлықтың айқын көрінісі.

Бұл форум екі елдің зиялылары мен шығармашылық сала өкілдерінің бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауына, сондай-ақ әдебиет, өнер және мәдениетаралық ықпалдастықтың артуына сеп болмақ.

 Мелис Мураталиев, Қырғызстан республикасы президентінің жанындағы мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы:

Тарихи оқиға алында елдің ең мықты, жақсылары бірігіп, ой-пікір бөлісіп, келешекте атқарар жұмыста нақтылап, жақсы іс-шара болып жатыр. менің айтайын дегенім, Қырғыз Қазақ елінің тамыры да бір, тағдыры да бір елміз.

Форумда екі елдің шығармашылықты шыңдау, ұрпақтар сабақтастығы және екі елдің рухани-мәдени мұрасын сақтауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Алқалы жиын енді екі ел арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрмақ.


Хабарламаларға жазылу