Болашақта Арал теңізінің табаны ауылшаруашылығын дамытуға қолайлы аймаққа айналады. Бұл жерде бал арасын өсіруді қолға алу да жоспарда бар. Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында өткен «Аралға - ізгі ниетпен» тақырыбындағы халықаралық жиын барысында осындай ұсыныстар айтылды. Ғалымдар мұндай тың бастамадан қазақстандық әріптестеріміз де шет қалмайды деген үмітте.
Өзбекстан Арал теңізінің түбін көгалдандыруды бірнеше жылдан бері үзбей жүргізіп келеді. Тек соңғы бес жылда теңіздің тартылған табанына 1 миллион 730 мың гектарға жуық көшет отырғызылып, 17 мың шаршы шақырым жер көгалдандырылды. Биыл тағы 200 мың гектардай ағаш өсіру жоспарда бар.
Зиновий Новицкий, Орман шаруашылығы ҒЗИ зертхана меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Соңғы екі жылда Қазақстаннан үш рет үкіметтік делегация өкілдері келді. Мақсат- екі елге ортақ Арал теңізінің жайы. Көгалдандырумен қатар аумақты адамзаттың игілігіне жарату, теңіздің табанына мал азығы болатын өсімдіктер егу, бал шаруашылығын дамыту жоспарда бар. Мұның барлығы уақыт өткен сайын кезең кезеңімен жүзеге асып келеді
Теңіз суының тартылуынан туындаған экологиялық апаттың салдарын азайту шаралары Қазақстан мен Өзбекстанда қатар қолға алынды. Көрші елде Арал теңізінің түбін көгалдандыру бойынша ауқымды мемлекеттік бағдарлама 2018 жылы басталған. Сексеуіл мен қамыс, өзге де шөлге төзімді өсімдіктердің тұқымы егіліп жатыр.
Бақытжан Хабибуллаев, Экология министрлігі жанындағы Арал бойынша инновациялық орталықтың директоры:
Жабық суғару системасында балық көбейту әрі одан шыққан суды өсімдік шаруашылығына пайдалану бойынша жобаның презентациясы болды. Бұл көпшілкті қызықтырды.Су тапшылығы, жердің сорлануы жағдайында біздің жастарымызға, фермерлерімізге ұсынатын проектілеріміздің бірі
Конференция қатысушылары қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі және табиғи ресурстарды тиімсіз пайдаланудан туындайтын жаһандық проблемалардың алдын алу жайына тоқталды. Экология мен табиғат қорғау саласында заман талабына сай мамандар мен сарапшылар даярлау, инновациялық тәсілдерді енгізу жайы да әңгіме арқауына айналды.
Базаркүл Отыншиева