Алаяқтар полиция қызметкерлерінің атын жамылатын болды. Қазақстандықтарға құқық қорғау органы қызметкерінің формасын киген адамдардан бейнеқоңыраудар түсе бастады. Кейін олар психологиялық қысым көрсетіп, адамдардан ақша бопсалайды. Әріптесім, Оңғар Алпысбайұлы тақырыпты зерттеді.
Бұл, бейнебайланыс арқылы ақша бопсаламақшы болған алаяқ. Қарағанды тұрғынына хабарласып, жәбірленушінің атынан банктерден 8 несие рәсімделгенін айтып қорқытады. Артынша банк қызметкері хабарласып қарызды жабу үшін өзге банктен несие алуға кеңес береді. Алаяқтардың арбауына түскен қала тұрғыны 3 миллион теңгені шетелдік шотқа аударып жіберудің сәл-ақ алдында қалған. Бірақ банк менеджері операцияның күмәнді екенін айтып, полицияға хабар береді.
Қарағанды қаласының тұрғыны:
Мен қатты сеніп қалдым. 8 жерден кредит алынған деді. Бүгінннен қалмай кредит алып, біз айтқан реквизиттерге жібересіз, сосын қарыздар жабылады деді. Әртүрлі осындай хабарламаларға тосылып алданып қалмаңыздар.
Ішкі істер министрлігі осыған ұқсас деректердің көбейіп кеткенін айтады. Жыл басынан бері 5 мыңға жуық қылмыс тіркелген.
Алаяқтар көбіне онлайн саудагерміз деп арбайтын көрінеді. 4 айдың ішінде осындай 1800 қылмыстық іс тіркелген. Өзін полиция немесе банк қызметкері ретінде таныстыратындардың үстінен 1300 арыз түскен. Инвестиция немесе онлайн несие береміз деп ақша жымқырғандарға қатысты 500-ге жуық іс қозғалыпты.
Технология дамыған сайын алаяқтардың арбау тәсілі де жетіле түскен. Бейнеқоңырау шалып, нейрондық желі арқылы өздерінің түрін де, дауысын да өзгерте алады. Сондықтан, мына кеңестерді қаперде ұстаған абзал, дейді мамандар.
Қаныш Ашжанов, ІІМ Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығының аға жедел уәкілі:
Полиция формалары біздің Қазақстан Республикасы полиция формасына сәйкес келмейді. Полиция қызметкерлері немесе банк қызметкерлері арнайы операцияларды телефон немесе бейне телефон шалу арқылы ешқашан өткізбейді. Бұл сәтте тек қана банк немесе полиция қызметкерлері жергілікті банк филиалына немесе полиция басқарма, бөлімшелеріне шақыруы мүмкін.
Жалпы, жеке ақпараттарды ұрлау тәсілдері де көбейіп барады. Өйткені әр адам өзі туралы ақпаратты әлеуметтік желіге жүктейтін болған. Тіпті қоғамдық орындардағы ашық вайфайлар да қауіпке айналған.
Ерасыл Жұмабек, ІТ маманы:
Себебі сол вайфай желілерінде хакерлік шабуылдар болуы мүмкін. Хакерлер снифер сияқты бағдарламаны қолданып, адамдардың жеке деректерін ұрлауы мүмкін. Кез келген операция, транзакция жасаған кезде сол парольдар счеттардың барлығын, счеттар туралы деректерді алуы мүмкіндігі бар.
Яғни, жеке деректі жабық ұстау мүмкін емес. Сондықтан қаржыға қатысты күмән тудырған кез келген қоңырау түссе, банктердің колл-орталықтарына хабарласып нақылаған абзал. Мамандар күмәнді сілтемелерге де өтпеуге кеңес береді.
Оңғар Алпысбайұлы