Түлкібас ауданында каналдарды бетондау жұмыстары аяқсыз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түлкібас ауданында каналдарды бетондау жұмыстары аяқсыз қалған

26.04.2024

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 13 ағын су каналы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Арық-атыздар тазаланып, бетондалу керек еді. Оған бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаражат та бөлінген. Алайда мердігер жұмысты толық атқармай, аяқсыз қалдырған. Салдарынан қазір 10 ауылдық округте ағын су тапшы.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Мен тұрған мынау Кең каналының ұзындығы 9 шақырымнан асады. Осы каналдың үш шақырымнан астам жері бетондалып, қалғаны механикалық тазалаудан өтуі тиіс еді. Алайда мердігер тек 250 метр жерді ғана бетондап, қалған жұмыстар аяқсыз қалған.

Кең каналының суын тұтынатын Балықты ауылының тұрғындары қазір жұмыссыз қалғандарын айтады. Себебі ауылдың суармалы жерлері құрғап, көкөніс өсіру қиындап кеткен. Көршілес Керейт елдімекенінде де тура осындай жағдай.

Пернебек Сембаев, Балықты ауылының тұрғыны:

Жеке қожалықтарымыз бар төменде, 50 шақтысы жеке қожалықтар. Сол қожалықтардың суармалы жеріне су бармады. Бергі жағындағы 3 қожалық су ішті былтыр. Қалғандарына су барған жоқ.

Бастапқы жоба бойынша «Қазсушар» мекемесіне қарасты 13 каналдың 125 шақырымы бетондалуы тиіс еді. Яғни 4 ауылды округтің 10 елдімекенінде арық-атыздар ретке келтірілуі міндеттелген. Бірақ тендерді жеңіп алған мердігер компания каналдардың 27 шақырымын ғана аяқтап, қалғанын тастап кеткен. Арықтарды тазалау жұмыстары да атқарылмаған.

Қанат Әзім, «Қазсушар» РМК Түлкібас өндірістік бөлімшесінің басшысы:

Құрылыс материалдары 2021 жылы екі есеге қымбаттады ғой. Соған байланысты барлық құрылыс тоқтатылып, осы күнге шейін күтілді. Жоба негізі 2023 жылы біту керек еді. Биыл – 2024 жыл.

Осыдан кейін 2 жылға кешіккен жобаға қайта өзгерістер енгізіліп, бетондалуы тиіс аумақ көлемі 50 шақырымға қысқарды. Жаңадан тендер өткізіліп, басқа компания жұмысты жалғастыруда. Алайда бұл мердігер мекеме өкілдері жұмыс барысында бірқатар қиындықтарға тап болып жатқанын айтады.

Жайдарбек Атымтай, мердігер компанияның өкілі:

Каналдарда жағаларының барлығына үй түсіп кеткен. Газ тартып қойған. Ондайлар бар. Столбалар түскен. Біреулер ол жерлерге қора соғып тастаған. Баня соғып тастаған. Ондай жерлер бар. Біз техникамен кіре алмаймыз. Техника жүретін жол жоқ.

Жаңа жобаға сәйкес бетондау және тазалау жұмыстары келер жылдың соңында аяқталуы тиіс. Айта кетейік, Түлкібас ауданында бас аяғы 113 канал бар болса, солардың барлығы кезең кезеңімен күрделі жөндеуден өтуде. Десе де жауапсыз мердігерлердің кесірінен құрылыс жұмыстары кешеуілдеп, ауылшаруашылығы жұмыстарына көп кедергі болып отыр.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу