Оралда құтқарушылар тұрғынды тікұшақпен эвакуациялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда құтқарушылар тұрғынды тікұшақпен эвакуациялады

23.04.2024

Оралда құтқарушылар үйдің шатырында отырған ер адамды тікұшақпен эвакуациялады. Су басқан «Екінші саяжайдың» 45 жастағы тұрғыны бұған дейін көшуден бас тартқан. Су келгенде баспанасының шатырына шығып, көмек күткен. Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары МИ-8 тікұшағымен азаматты қауіпті аумақтан аман алып шықты.

Ал полицейлер екі қабатты үйдің шатырында тұрып жатқан ерлі-зайыптыны судан арқалап шығарды. Олар да «Екінші саяжайдың» тұрғындары. Егде жастағы адамдар су келмейді деп, үйлерінен шығудан бас тартқан. Полицейлер шұғыл хабар түскен кезде оқиға орнына барып, қарияларды итімен бірге қауіпсіз жерге алып шықты. Қазір қалада «Самал» шағын ауданы мен «Автомобилист», «Телеорталық» бау-бақша қоғамдарында эвакуация жүріп жатыр.

Нұржан Төлеуіш, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі:

Өткен тәулікте 35 адам эвакуацияланды. Оның 7-уі бала. Эвакуациялаудан бас тартатын себебі - көбі судың келетініне сенбейді. Бірақ біз күнделікті екі сағат сайын теле-радио каналдарда перехват жасап жатырмыз. Оның алдында да үй-үйді аралап, халықты құлақтандырдық. Сонда да көпшілік сенбейді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу