Депутат Ерлан Саиров Қазақстанда TikTok-ты шектеуді ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутат Ерлан Саиров Қазақстанда TikTok-ты шектеуді ұсынды

23.04.2024

Бар болғаны 2 жылда TikTokқа әлеуметтік желісіне 15 млн-ға жуық отандасымыз тіркелген. Депутаттар бұған алаңдаулы. Олар бала психологиясына кері әсер ететін контенттер көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан желіні шектеуді ұсынды. Ұсыныс қолдау таба ма? Ел ішінде осы сауал қызу талқыға жүріп жатыр. Бірі TikTok-ты расымен де шектеу керек десе, басқасы тик-ток керісінше қажет екенін айтады.

Арайлым Алмасова TikTok-тың белсенді қолданушысы. Күн сайын видео жүктеп, ой-пікірімен бөліседі. Аудиториясы 10 000-ға жуық. Тіпті, осы желі арқылы табыс табатынын айтты.

Арайлым Алмасова, блогер:

TikTok арқылы табыс тауып отырған жанның бірі менмін. Осы TikTok желісін тек әзіл, күлкі ретінде ғана қарастырмай, табыс табу арқылы жүргізіп отырған біршама адам бар. Пайдалы контенттер бар. Мен TikTok желісіне шектеу қойылуына қарсымын.

Бүгінде ел ішінде әлеуметтік желілерді қолданушылардың қатары өсіп келеді. Мысалға, Instagram-ға 12 млн-нан аса адам тіркелген. Ал Facebook-те 2 млн 600 мыңнан аса қазақстандық бар. Ең қызығы бар болғаны 2 жылда TikTok-қа 15 млн-ға жуық отандасымыз тіркелген. Бірақ, сол TikTok-та жасөсіпірімдердің психологиясына кері әсер ететін теріс контенттер көп, дейді депутат Ерлан Саиров.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай балалар TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда порнография, суицид және теріс контенттер осы TikTok арқылы таралуда.

Ал әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі TikTok желісінде бей-әдеп нәрселердің көп екенін растайды.

Әлемде TikTok-ты қолданушылардың 3-тен бірі жасөспірім. Қазақстанда да қосымшаға кіретін бала аз емес. Қоғамды алаңдататыны да осы.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Бұл біздің жастардың тәрбиесіне көбірек әсер етеді. Экономикалық анау айтқандай үлкен әсері жоқ. Қосымша құн салығы, барлық салық 0 пайыз.

Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі жалған ақпарат пен алаяқтық бейнероликтердің негізгі таратушысы екенін айта келе, TikTok мәселесі мұқият зерттеліп жатқанын жеткізді. Айта кетейік, өткен жылы Өзбекстан белсенділері TikTok-ты жабуды ұсынса, биыл Қырғызстан депутаттары мәселе көтеріп, желіге шектеу енгізілді. Негізгі себеп әлеуметтік желідегі «әдепсіз контент». Ал Қазақстанда бұл мәселеге қатысы талқы енді-енді қыза түсті.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу