«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары белгілі болды

23.04.2024

1 мамырда іске қосылатын жаңа «Наурыз» атты ипотекалық бағдарламаның шарттары белгілі болды. Оны бүгін Үкіметте «Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов хабарлады. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі аз қамтылған отбасылар үшін 7, өзгелер үшін 9. Бастапқы жарна үй құнының 20 процентінен кем болмауы тиіс. Қарыз 19 жылға беріледі. Қатысушы соңғы 5 жылда тұрғын үйге байланысты операциялар жасамауы керек. Ал «Отбасы банкі» несиенің максималды сомасын Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн, ал, өзге өңірлер үшін 30 млн теңге көлемінде бекітуді ұсынып отыр.

Нұрлан Ақшанов «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Қабылданған өтінімдерді бағдарлама автоматты түрде іріктейді. Бағдарламаға қатысушылардың тізімі банктің ресми сайтына жарияланатын болды. Осы жылғы 1 шілде мен 31 тамыз аралығында кредиттік өтінімдерді қабылдау жүзеге асырылады. 1 шілде мен 15 желтоқсан аралығында несиелер берілетін болады.

Жалпы Мемлекет басшысы Үкіметке биыл 18 млн шаршы метр баспана тапсыруды міндет етіп қойған. Межені орындауға ұзаққа созылған құрылыстар біраз кедергі келтіріп жатыр. Ел бойынша 39 проблемалық нысан бар. Бұл тізімге заңсыз салынып жатқан тағы 340 үй қосылуы мүмкін. Премьер-Министр әр құрылыс бойынша жеке шешім қабылдап, нысандарды барынша жылдам аяқтауды тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу