Кітапханашы: Кептеліс уақытында кітапханада оқырман лық толы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кітапханашы: Кептеліс уақытында кітапханада оқырман лық толы болады

23.04.2024

Кітап – жан азығы. Ал бүгін – кітапсүйер қауым үшін ерекше күн. Осынау айтулы мерекені дүниежүзінің 100-ден аса елі атап өтеді. Үш жылдан бері Ұлттық құрылтайда «Ұлттық кітап күнін» белгілеу ұсынысы Мемлекет басшысының тарапынан қолдау тауып, Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу көзделген еді. Бұл бастама қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырады, оқырман санын арттырады. Қазір де кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді. Үлкендер «біздің буынның балалық шағы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасымен» өтті десе, ал жастардың талғамы қандай?

Мұхтархан Қалиұлы 20 жылға жуық шағын шеберханада көлік жөндеп келген. Жасы жетпіске келген шебер қолы қалт етсе, кітапқа үңіле кетеді. Оқуға деген құшартылғы 10 жасынан оянған ақсақал, осы күнге дейін 8 мың кітапты оқып бітірген. Жанр талғамайтын ол, бос уақытында өлең де жазады, бас-аяғы алты кітаптың авторы.

Мұхтархан Қалиұлы, Алматы облысының тұрғыны:

Айстан ақындары дейді, олардың Қазақстандағы он күндігі болған кезде солардың барлықтарының шығармашылығымен таныстым. Ең керемет ұнағаны маған Сидуаковтың өлеңдері. Орыстың Есенинін де, Пушкинін де, Блокты да оқыдым. Бір бірімен салыстырып оқыдым. Жазушының бір кітабын оқысаңыз, оның қазбалап екінші, үшінші кітабы қайда екен деп, шыр айналып соның артынан түсесің ғой. Мына «Жұлдыз», «Жалын», «Мұқағали» журналдарына шығатын әңгімелер болады, осылардың барлығы менің назарымнан қалған емес. Әлі күнге дейін қолымнан тастамаймын, оқимын.

Ал Кәрім Жексенбиев алтыншы сыныптан бастап кітап оқуды әдетке айналдырған. Қазір ол достарымен жарысып, айына кем дегенде 2-3 кітапты оқиды. Көбіне психология, детектив, фантастика жанрына жаны құмар оқырманның талғамы да ерек. Әлем әдебиеті, ағылшын тіліндегі туындыларды аудармасыз еркін оқимын,- дейді. Осылайша, ол жылына 30 том кітапты тауысады екен.

Кәрім Жексенбиев, Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназиясының 10 сынып оқушысы:

Менің ең сүйікті авторым Чак Паланик. Оның ерекшелігі ол психологиямен фантастиканы қосып жібереді да, сондан соң сен білмейтін кезде сюжеттік дағдарыс жасап жібереді. Сонысы маған ұнайды. Менің достарым да оқымысты, мен лексиконымдағы сөздерімізді жақсы болғанын қалаймын, әр адамның әдеби тілде сөйлеп, сөздік қоры көп болғанын қалаймын. Сол себепті мен өзімнің достарыма насихаттаймын. Мен бүкіл ұлдар мен қыздарға Чак Паланиктің жазған «Бойцовский клубты» ұсынар едім.

Алматыда барлық оқырман қауым үшін кітапханалардағы жағдай жақсы жасалған. Мұнда тіпті былтырдан бері елімізде тұңғыш рет тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана да бар. Онда ағылып баратын кітап сүйер тұрғындар да көп, дейді кітапханашылар.

Бану Дәулетбаева, Жамбыл атындағы кітапхана жетекшісі:

24/7 жұмыс істегелі байқағанымыз осы үлкен қалаларда жұмыс істейтін магистранттарға, студенттерге, докторларға түн ішінде жұмыс істеген қолайлы екені байқалады. Себебі олар пәтерде, жатақханада тұрғандықтан сондай уақытта ешкімге кедергі келтірмей, толық шығармашылығымен айналысуға мүмкіндік бар. Үлкен қалада кептеліс болатын уақытта кітапханада да кептеліс болып тұрады. Өйткені, олар уақытын жолда өткізгеннен көрі, кітапханада кітап оқып, жұмыстарын істейді.

Сұранысқа қарай, енді келесі айдан бастап қаладағы №4 кітапхана да тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшпек. Оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру үшін қолға алынған бұл бастаманың берер жемісі алдағы уақыттың еншісінде...

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу