АҚШ-та белгілі сән дизайнері Кристиан Диордың музасы болған қазақ қызы Алла Елшін туралы жаңа кітап таныстырылды. Туындыға жиырмасыншы ғасырдағы сән әлемінің аңызына айналған тұңғыш еуразиялық модель жайлы тың деректер енген. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толығырақ.
«Алла -Диордың жаңа келбеті». Осындай атау берілген туынды көпшілікке Нью-Иорк қаласындағы Қазақстанның бас консулдығында таныстырды. Бұл әлемдік сән әлемін тәнті еткен Алла туралы бесінші кітап. Бұған дейін орыс, француз және қытай тілдерінде жарық көрсе ағылшын тілінде алғаш рет басылып шықты. Бірақ, аударма емес, түпнұсқа дейді авторы Берлин Иришев. Себебі, онда қазақ моделінің Америкадағы сапарлары жайлы тың деректер қамтылған.
Берлин Иришев, кітап авторы:
Америкада біздің Алланы ерекше бағалаған. Оны «Шығыстың маржаны», «Диордың елшісі» деп атаған. Америкада біраз газеттер таптық. Барлығында өте жақсы айтып жазған.
Алла елуінші жылдардан бастап АҚШ-қа жиі келіп, қалаларын аралап, Диордың сән үлгілерін таныстырып отырған. Кітапқа сол кезде жарық көрген мақалалар мен суреттері енгізіліпті. Америкалықтар ерекше келбетті, қыпша бел шығыс маржанына қарап бой түзесе керек. Подиумға шыққан бойда ол көрсеткен сән үлгілерін атақты актрисалар мен аристократия өкілдері жаппай сатып алатын болған. Оның үстіне қазақ қызының жазушы Эрнес Хеменгуей секілі танымал америкалықтармен жақсы араласқанына қарап оның бұл елде беделді болғанын аңғару қиын емес дейді Берлин Иришев.
Мадияр Нұрахметов, Колумбия университетінің магистрі:
Сонау Францияда 1940 жылдары қазақ халқының аруын дүние жүзіне көрсеткен Алла Елшін туралы бұған дейін білмедім. Бұл маған өте үлкен жаңа ақпарат.
Кітап авторының айтуынша, жиырма жылдай Кристиан Диордың табыс тұмары болған әрі алты тілде сөйлеген Алла Қуантханқызы жайлы келешекте фильм түсірілмек. Қазір сценарийі жазылып жатыр. Қазақстан мен қоса Франция және Американың кино компаниялары сән әлеміне құбылыс әкелген қазақ қызының өмір жолын экрандауға құлшыныс білдіріп отырса керек.
Жалғас Сәдібекұлы