Абай облысы Мақаншы ауданында «Бақты» кеден бекеті қайта жаңғыртылып жатыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты жандандыратын жоба аясында көліктер мен жолаушылар өтетін терминалдар салынуда. Осыған дейін де жұмыс істеп келген шекаралық дәліздің енді тиімділігі бірнеше есеге артпақ.
Қазір кеден бекетінде бірнеше нысан салынып жатыр. Мұнда жүк көліктерін тексеретін және жолаушылар мен кәсіпкерлерді өткізуге қажет заманауи терминалдар бұрын болмаған. Құрылыс аяқталған соң Қытай мен арадағы сауда-саттық еселене түспек.
Андрей Копичников, жоба жетекшісі:
Қазір бекеттен тәулігіне 60 автокөлік өтеді. Жоба іске асқанда 500-600 көлік өтетін болады. Сондай-ақ бұл жерде тексеру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұрын шекарадан өтетін көліктер тексеру кезінде сағаттап тұратын. Қалың кезек болатын. Енді жаңа терминалдар арқылы жүк көліктері жылдам өте алады. Ең соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталады.
Осыған дейін бекет тәулігіне бір бағытта 150 адам мен 60 техниканы ғана өткізуге қауқарлы еді. Енді 500 автокөлік пен 1000 адамға дейін еркін қатынайды, дейді мамандар. Шекара бекетінің жаңғыруы жаңадан құрылған Мақаншы ауданының дамуына да зор ықпалын тигізбек.
Алмас Ахметұлы, Бақты ауылының әкімі:
Мына кеден бекетінде жаңғырту жұмыстары жүріп, кеден бекеті ашылатын болса, одан темір жол түседі, деп жатыр бұйырса. Осының бәрі ауылдың, ауданымыздың, облысымыздың тыныс-тіршілігіне оң әсер береді деген ойдамыз.
Жоба бойынша шекара өткеліндегі жаңғырту жұмыстары биыл аяқталады. Нәтижесінде, «Бақты» пунктінде тауарлар мен көлік құралдарының кедендік бақылаудан өтетін уақыты едәуір қысқарады. Сауда-саттықтан бюджетке түсетін төлем мен салық көлемі артпақ.
Ержан Жақып