Жаңаөзенде мұнай-газ жабдықтарын өндіретін зауыттың алғашқы ірге тасы қаланды. Жоба «ҚазМұнайГаз» компаниясының қолдауымен, инвесторларды тарту бағдарламасының арқасында жүзеге асуда. Бұған қоса, мұнайшылар қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы пайдалануға берілді. Аталған жобаны «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» компаниясы тарту етті.
Жаңа зауыт жылына 51 мың тонна құбыр өнімдерін, 540 мың бірлік сорғы штангаларын және 100 бірлік мұнай жылытқыштарын өндіретін болады. Жобаны «Каскор-Машзавод» серіктестігі жүзеге асырады. Инвестиция көлемі – 17 млрд теңге.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Жаңаөзенде жаңа зауыт салу бұл инфрақұрылымға ғана емес, өңірдің келешегіне тұрақты жасалған құнды инвестиция. 24 жылдың соңына жоспарланған зауытта 260-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 250 жұмысшы Жаңаөзен қаласының тұрғындары арасынан кезең-кезеңмен 3 жыл ішінде алынатын болады.
Жаңаөзенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы ашылды
Спорт клубы мүгедектігі бар тұрғындарға арналып жасақталған. Жеделсаты мен пандустар, арнайы тренажерлар қойылған. Клубта отырып ойнайтын волейбол, бочча, тоғызқұмалақ, қол күресі секілді 17 үйірме жұмыс істейді. Демеуші компания спортшыларға микроавтобус тарту етті.
Құралбек Сейітов, «Алға» спорт клубының төрағасы:
Бұған дейін біздер боччасы, штангісі, жүзуі бар бәріміз жан-жақта жүреміз. Сосын мына тренер жағы да бір өзім қалып қойғанмын негізі. Міне, осындай деңгеуге жетіп тұрмыз, басшыларымызға рахмет. Кәсіби деңгейде жұмыс істеп көріп едік, мотивация береді екен. Былай айтқанда, мына спорт залда біздің аяғымыз, қолымыз көзіміз білінбейді екен жоқтығы.
Қазір клубта 100-ге жуық спортшы бар. Олардың арасында отырып ойнайтын волейбол командасы Қазақстан құрамасына енген. Биыл Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына дайындық үстінде.
Аягөз Оралбайқызы