Батыс Қазақстан облысында тасқынмен күреске өзге өңірлерден келген күш құрылымдарды салтанатты түрде шығарып салды. Облыста төтенше жағдай жарияланғаннан бері еліміздің 15 өңірінен 3 мыңнан астам қызметкер, 900-ге жуық техника апаттан құтқаруға жұмылдырылды. Олар - Төтенше жағдайлар мен Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық Ұланның, Шекара қызметінің әскерилері мен жеке құрамдары. Құтқарушылар мен сарбаздар өңірде күні-түні бөгет соқты, қапшыққа құм толтырды. Су басқан аумақтардағы адамдарды эвакуациялады. Елді мекендерде қалып қойған мал мен жануарларды қауіпсіз жерге алып шықты. Жалпы облыста 140 шақырымнан астам бөгет салынып, бекітілді. Әскерилер мен құтқарушылардың бір бөлігі үйлеріне қайтса, қалғаны Атырау облысына көмекке аттанды.
Ермек Сәрсенбай, 6506 Әскери бөлімінің сарбазы /Шымкент/:
140 шақырымның 20 шақырымына біз қаппен бөгет тұрғыздық, сарбаздармен, жеке құраммен. Тамақ, жатар орын жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Акиматқа, волонтерларға, Орал қаласының тұрғындарына рахмет көп-көп.
Бақытжан Нарымбетов, Облыс әкімінің орынбасары:
Батыс Қазақстан облысында 84 елді мекеннің, халқымыздың қауіптен аман қалуына үлкен септігін тигізді. Сол үшін бізді қолдаған барша әскерилерге, құтқарушыларға облыс халқы атынан алғысымызды білдіреміз!
Ардақ Мұратқызы