Автобус апаты: Жүргізушіні соққыға жыққаны үшін 8 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автобус апаты: Жүргізушіні соққыға жыққаны үшін 8 жылға сотталды

26.04.2024

Алматыда үш адам қаза болған автобус апатына қатысты сот отырысы аяқталды. Жүргізушіні соққыға жыққан азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы бұзақылық және абайсызда үш адамның өліміне әкеп соқтырған көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін бұзды деп айыпталды. Апатта жақындарынан айрылған жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің арызы қанағаттандырылмады. Олар судьядан автобус жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартуды сұраған еді. Сотталушы Дархан Ахметжанов жазаны қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Оның былтырдан бері қамауда отырған әр күні екі күн болып есептеледі. Сондай-ақ, ол жәбірленушілерге материалдық және моральдық шығын төлейді.

Тәкен Шакиров, Алатау аудандық сотының судьясы:

Ахметжановтан жәбірленуші Құсайынова Айнұр Асанқадырқызының пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығын, 5 млн теңге моральдық шығын, Жәбірленуші Байдуалиев Ерасылдың пайдасына 10 млн теңге моральдық шығын 200 мың теңге қорғауға кеткен шығын ретінде өндірілсін.

Естеріңізге салайық, оқиға былтыр 22 желтоқсанда болған. Қоғамдық көліктегі жанжалдың салдарынан үш адам қаза тапты. Автобус жүргізушісін соққыға жыққан 1991 жылғы азамат қамауға алынған еді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу