АҚШ-тың Кремний алқабында қазақ балабақшасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың Кремний алқабында қазақ балабақшасы ашылды

28.04.2024

Кремний алқабында қазақ балабақшасы ашылды. Бұл АҚШ-тың ең ірі штаты Калифорниядағы алғашқы қазақы тәрбие орталығы.

Камзол киген тәрбиеші құрақ көрпенің үстінде тақиялы балдырғанға ұлттық ас мәзірін таныстырып жатса, балабақша ауласында үкілі қыздар наурыз көже қалай дайындалатынын көріп тұр. Ал, көркем сурет бұрышында болашақ қылқалам шебері киіз үйдің суретін салып отыр. Десе де балалар қазақы шаңырақты кітаптан ғана емес, шынайы да көре алады. Шағын киіз үй балабақша ауласына қойылған. Қазақстаннан бірнеше мың шақырым жердегі бір күнгі көрініс бұл. Айналайын деп ат қойылған бала бақшаның ашылуын қазақтар осылайша ерекше атап өтті.

Пернехан Өтемұратов, ата-ана:

Барлығы күшті екен. Ең бастысы қазақи тәрбие. Қазақи тәрбие дегенбіз баланы өте нәзік, алақанында ұстап өсіреді. Әжеміздің тәрбиесін көрсеңіздер тура сондай тәрбие алып жатырмыз деп ойлаймыз.

Балабақша ашылған Саннивейл қаласы Кремний алқабына кіреді. Сондықтан мұндағы қазақтардың көбі айти саласында жұмыс істейді. Яғни, ата аналар күн ұзақ жұмыста болғандықтан бала бойына ұлттық болмысты сіңіру жағы ақсап жатады. Бұған жаны ауырған Жанна Атабекова қазақы тәрбие орталығын ашуға бекінеді. Сол үшін тіпті Қазақстанға арнайы келіп, білім алады.

Жанна Атабекова, «Айналайын» балабақшасының жетекшісі:

Керек сабақтарды алып, тест тапсырып, аяғында балалар психологиясы мамандығы дипломын алдым.

Әлия Мусина, ата-ана:

Бұл біз үшін өте маңызды. Тілімізді сақтау үшін. Кіші қызым Асима 18 айға толып жатыр. Қазаққа тілі шықсын деп балабақшаға беретін себебім осы.

Дегенмен тек қазақтар ғана емес, қырғыздар да балаларын әкелген. Тіпті, бір америкалық отбасы ұлын қазақ балабақшасына беру үшін өтініш білдіріп, кезекке тұрыпты.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу