Ұлыбританиядан Израильге жөнелтілетін қару-жарақ экспорты тоқтатылуы керек. Жүздеген интеллигенция өкілі билікті халықаралық міндеттемелерге сәйкес әрекет етуге шақырды. Елдегі партиялардың өкілдері де қару-жарақ саудасына қарсы.
Жақында Израильдің әуе соққысы кезінде 7 гуманитарлық қызметкер жан тапсырды. Оның үшеуі Британ азаматы. Бұл жаңалық 600-ден астам заңгер мен ғалымның ашуын тудырып, олар үкіметке ашық хат жолдады.
Элдин Фахми, Бристоль университеті саяси зерттеулер мектебінің аға оқытушысы /аударма, ер кісі/:
Мен қоршауға алынған Палестинада Израильдің геноцид жасайтынына сенімдімін. Бұл іске араласпауымыз үшін Ұлыбритания үкіметінің Израильге қару-жарақ сатуын тоқтатуы өте маңызды.
Либерал-демократтар мен Шотландия ұлттық партиясы да қару-жарақ экспортын толығымен бұғаттап тастауға шақырды. Бұл ұстанымды Лейбористік және Консервативтік партияның кейбір депутаттары да қолдады.
Дэвид Лэмми, Лейбористер партиясы сыртқы саяси қызметінің басшысы /аударма, ер кісі/:
Газадағы балалардың үйінділер астында қалғанына куә болдық. Бұл бізді қатты алаңдатады. Егер халықаралық құқықтың бұзылғандығы расталса, қару- жарақ экспортына тосқауыл қойылуы тиіс.
Билік өкілдері қару-жарақ экспорты қатаң бақылауда екенін айтады. Және Израильдің халықаралық гуманитарлық құқыққа сүйенуін қадағалап отыратынын жасырмайды.
Оливер Дауден, Ұлыбритания премьер-министрінің орынбасары /аударма, ер кісі/:
Егер Израиль Газадағы әрекеттерімен халықаралық құқықты бұзғаны расталса, әрине, біз қару бермейміз. Тіпті, АҚШ-қа немесе басқа да елге қатысты ұстанымымыз солай болады.
Зерттеулерге сәйкес, сайлаушылардың 56 пайызы Израильге қару сатуға тыйым салу керек дейді. Көпшілік Израиль Газада адам құқықтарын бұзып отыр деп есептейді.
Марина Бекенова, тілші:
Үкімет Израильге қаруды тікелей өзі жеткізбейді - британиялық компанияларға экспорттық лицензиялар береді. Премьер-министр Риши Сунак осы уақытқа дейін халықтың үндеулеріне қарсы болып келді. Бұл оның нақты әрі өзгермейтін ұстанымы сияқты.
Марина Бекенова