Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы таңдалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының туристік астанасы таңдалды

29.04.2024

Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 2024 жылғы туристік астанасы белгілі болды. Бұл мәртебеге Өзбекстанның Шахрисабз қаласы лайық деп танылды. Саяхатшыларды тартуда әлеуеті зор көне шахарда халықаралық іс-шаралар өтті. Оған Қазақстаннан да арнайы делегация қатысты.

Шахрисабз тарихи нысандарға бай қала. Мұнда бүкіл түркі әлеміне әйгілі тұлға Әмір-Темір дүниеге келген. Ол билік құрған жылдардағы резиденция мен Әмірдің алып ескерткіші қалаға көрік беріп тұр. Халықаралық конференция аясында өткен шаралар ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтіп, туризм саласындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Хусрав Нозири, ЭЫҰ бас хатшысы:

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аумағында ЮНЕСКО- ның бүкілдүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген 90 -ға жуық нысан бар. Аса бай тарихымыз бен осындай керемет дүниелер әлемнің түкпір түкпірінен туристердің ағылуына септігін тигізеді. Саяхатшылар қатарының жыл санап артып келе жатқаны бізді қуантады.

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі алғашқы кездесуді тарихи жиын десек болады. Халықаралық бірлестік аясында туризм саласына арналған консультативтік комитет құрылады. Оның мүшелері жылына екі рет бас қосып, саланы дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылайды. Бұл игі бастамаға әлбетте Қазақстан да атсалысады.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

 Дүниежүзінде туризм саласында трендтер өте тез өзгеріп жатыр. Жасыл даму бағытына, табиғатты қорғау, экотуризм бағытында цифровизация біздің өмірімізге терең сіңіп бара жатыр. Сондықтан осындай комитет ұйымның құрамында өте керек деп есептейміз.

Шахрисабз 2024 жылғы туристік астана болып экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдері туризм министрлерінің кезекті отырысында таңдалған. Бұл жолғы шарада ұйымның бас хатшысы шахар әкіміне арнайы сертификатты салтанатты түрде табыстады. Ал туризмді бірлесе дамытуға бағытталған консультативтік комитеттің келесі жиынын Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу