Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін «жасыл дәліз» ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін «жасыл дәліз» ашылады

30.04.2024

Қазақстанға келетін шетелдік туристер үшін «жасыл дәліз» ашылады. Яғни саяхатшылардың кеденнен кедергісіз өтуіне жағдай жасалады. Туризм дәлізін Ресей, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында ашу көзделген. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі мәлімдеді. Ал көршілес Өзбекстанға былтыр 1,3 миллиондай отандасымыз саяхаттаса, биыл бұл сан 2 миллионнан асады деген болжам бар.

Қазақстандық туристер көбіне Ташкент, Самарқан, Бұхара мен Хиуа қалаларына ат басын бұратын. Соңғы уақытта танымал бағыттар қатарына Қарақалпақстан мен өзге де көне шахарлар қосылды. Бұл да болса, туризм саласында қазақ-өзбек ынтымақтастығының артып келе жатқанының дәлелі

Венера Табыс, саяхатшы, музыкант:

Шығыс мәдениеті, Жібек жолы мәдениеті бәрін әдемі көрсетіп жатыр, хан сарайына келгендей әсерде болдым. Және де көптеген өнерпаздардың қолөнері, костюмдері, бұйым жасау өнерлерін көріп қатты әсерде болып жатырмыз

Былтыр елімізге 9 миллиондай шетелдік турист келген. «Жасыл дәліз» ашылса, олардың саны еселеп артады. Жалпы, сырттан келген саяхатшылар үшін шекарада арнайы дәліз ашу идеясын іргедегі елдермен бірлесе жүзеге асыру көзделген. Қазір Өзбекстанмен тиісті келісім бар. Бұл тың бастама көбірек саяхатшы тартуға септігін тигізеді.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

Шекараның жаяу өтетін немесе көлікпен өтетін жерінде «жасыл» дәліз құруды жоспарладық. Себебі туристер шекарадан өткен кезде қиналады. 1 сағаттан астам күтіп отырады. Соны шешу керек. Ұйымдастырылған туристік топтар үшін бөлек дәліз болса, олардың шекарадан өтуі 7 минуттың шеңберінде болады.

Умид Шодиев, Өзбекстан Республикасы туризм комитетінің төрағасы:

«Шымкент-Ташкент-Самарқан» туристік бағыты өте танымал болып тұр. Қазақстандық саяхатшылар Өзбекстанға жиі ат басын бұрады. Біздің туристеріміз Шымбұлақ тау шаңғы демалыс аймағы мен өзге де орындарға баруды жөн санайды.

Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы ынтымақтастығын арттыруда жылдар бойы орнығып, қалыпқа түскен дәстүрлі саяхат турлары бар. Гастрономиялық туризм мен тау-шаңғы спортын бірлесіп дамыту жоспары қолға алынбақ. Осы мақсатта өзара тәжірибе алмасу ісі басталып та кетті.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу