Батыс Қазақстанда тұруға жарамсыз 420 тұрғын үй қалпына келтіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда тұруға жарамсыз 420 тұрғын үй қалпына келтіріліп жатыр

06.05.2024
Батыс Қазақстанда тұруға жарамсыз 420 тұрғын үй қалпына келтіріліп жатыр

Батыс Қазақстан облысында су басқан ауылдарда тұруға жарамсыз деп танылған 420 тұрғын үй қалпына келтіріліп жатыр. Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында жаңа баспана жер учаскесі анықталып, қазық қағылуда. Құрылысшылар қираған үйлердің ескі орнын бұзып, іргетасын қалауды бастады. Зардап шеккен тұрғындарға үш бөлмелі жаңа баспана салынады. Ал тұруға жарамды үй иелеріне жөндеу жасау үшін бағалау қорытындысына сай өтемақы төленеді. Өңірде 1 321 тұрғын үйге залал келгені анықталды. Соның ішінде 1208 үйге техникалық тексеріс жасалған. Арнайы комиссия әлі де зардап шеккен тұрғындардан өтініш қабылдап жатыр. Аймақта 2 мыңға жуық отбасы бірретік әлеуметтік көмек алды.

Нұрсұлтан Болат, Подстепный ауылының тұрғыны:

Мынау үш бөлмелі үй. Орнына үй салады. Өздері бұзып, өздері қырып кетті осылай. Енді, бұйырса, үй салады. Көңіліміз толады. Материалдық көмек те алдық. Көмектесіп жатыр.

Айнагүл Байғалиева, құрылыс компаниясының жұмыс жетекшісі:

Бізде 10 үй. Бір аптадан бері жұмыс істеп жатырмыз. 10 үйдің бәрін бұздық. Қазір қоқыстарын шығарып жатырмыз. Бүгіннен бастап іргетасын қалап бастаймыз. Қыркүйекке дейін бітіреміз салып. Қазір 5 КаМАЗ, трактор, сосын 12 адам жұмыс істеп жатыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу