Ресейде 15 мыңнан астам үй су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде 15 мыңнан астам үй су астында қалды

06.05.2024

Ресейде 15 мыңнан астам үй мен 20 мыңға жуық саяжай су астында қалды. 18 өңірде көктемгі су тасқынымен күрес жалғасуда. Бізбен тікелей байланысқа Мәскеудегі меншікті тілшіміз Индира Бегайдар шығып тұр. Индира, қай өңірлерде су қаупі сейілмей тұр?

Индира Бегайдар, тілші:

Қазақстанмен шекаралас Қорған, Омбы, Түмен облыстарында жағдай мәз емес. Мәселен Түмен облысында су тек келер аптада ғана шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар. Есіл өзені қайта-қайта көтеріліп, облыстың кейбір аудандарында оның деңгейі 12 метрден асып кеткен. Мамандар су 8-9 мамырда шарықтау шегіне жетеді деп болжап отыр. Омбы облысының губернаторы да Есіл өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты тұрғындарды қауіпті аймақтан эвакуациялау басталғанын жариялады. Су басқан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралуы мүмкін. Сондықтан бұл өңірлерде тұрғындарға А гепатитіне қарсы вакцина салынуда. Сонымен қатар, Ресейде су тасқынын пайдаланып, жалған есеп-шот ашқан алаяқтардың саны артты. Ал су астына қалған тұрғын үйлерді жергілікті әкімдіктер қайтадан қалпына келтірмек, оны арнайы комиссия қадағалайды. Орынбор облысының тасқыннан зардап шеккен тұрғындары орта есеппен 21 мың рубль, яғни 100 мың теңге көлемінде бір реттік көмек алды.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу