Бүгін - Қазақ армиясының құрылған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Қазақ армиясының құрылған күні

07.05.2024

1992 жылы 7-ші мамырда Қазақстан қарулы күштерін құру туралы жарлық жарияланды. Содан бері бұл – Отан қорғаушылар күні. Қазақстан армиясы жылдан-жылға қуатталып, айбыны асқақтап келеді. 

Құрлық, әуе және әскери-теңіз. Қазақстанның қарулы күштерінің осындай мығым құрылымы бар. Ел экономикасы артқан сайын, әскердің де әлеуеті күшейіп келеді. Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстан әскеріне жылына 2,6 млрд доллар бөлінеді. Еліміздегі әскери қызметкерлердің жалпы саны – 77 мың адам. Сапқа тұрып сарбаз боламын деген жастар да аз емес.

Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:
Бүкіл Қазақстанның азаматтарының әскерге деген ынтасы жоқ деп айтуға болмайды. Өйткені 36 мың мерзімді қызметте еліміздің азаматтары қызметін атқарып жатыр. Сондықтан, ешқандай қорқатыны жоқ. Әскерге келу керек, әрбір азамат өзінің еліне қызмет ету қажет.

Елімізде қарулы күштер қатарына мамандар даярлайтын 3 институт және бір колледж бар. Студенттер тегін білім алып, бірден жұмысқа қабылданады. Жалпы жыл сайын кадр дайындау, техника жаңарту бағытындағы жұмыс еселеніп келеді.

Сейітжан Қойбақов, заң ғылымдарының докторы, ҰҚК ардагері генерал-майор:
Қару-жарақты аламын деген жерден алып, өзіміздің қорғаныс өндірісі дейміз, ол жағынан да қазір жоспарлар шығып жатыр. Өзімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі таңда біздің әскеріміз өз Отанын қорғауға шамасы келеді.

Қазақстан армиясы Орталық Азия елдері арасында үздік атанып отыр. Әскери күш деңгейі бойынша елдердің жыл сайынғы рейтингі жарияланды. Сол дерек-көздердің бірінде 145 мемлекеттің ішінде қазақ армиясы 58-орында тұр. 2022 жылы - 64, былтыр 63-орында болған едік. Жыл сайын қарулы күштеріміз одан әрі күшейіп келеді.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу