Абай облысындағы Шүлбі кентінде «Мөлдір бұлақ» апталығы басталды. Экологиялық бағыттағы бұл іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» акциясының аясында өтіп жатыр. Көпшілік Ертіс өзенінің жағалауын, көшелерді қоқыстан тазалап, көшеттер отырғызып, игілікті іске бір кісідей атсалысты.
Шүлбі - жаңадан құрылған Жаңасемей ауданының орталығы. Бүгін кенттің көшелеріне 200-астам көшет отырғызылды. Тал егіп, тазалық жұмыстарын жүргізуге жұртшылық жұмыла кірісті.
Ермек Әбілмажинов, Жаңасемей ауданы мәслихатының төрағасы:Бүгін біз Шүлбі кентіне келдік. Еліміздің таза болып, көркеюі біздің қолымызда. Сондықтан да бүкіл халық болып осындай шуақты күнде іс- шара өткізіп жатырмыз.
«Таза Қазақстан» акциясының тәрбиелік мәні зор. Себебі туған жердің көркеюіне үлес қосу – әр адамның перзенттік парызы. Маңайын таза ұстап, табиғаттың ластануына жол бермеу азаматтық борыш, әрі жауапкершілік.
Айнұр Асадбалдинова, Шүлбі кентінің тұрғыны:«Ертіс-Достық өзені» бағдарламасы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шүлбі кентінде бірнеше іс-шаралар өткізілді. Көп жұмыс атқарылды. Мұнда демалушылар өте көп келеді. Бұл жерге қоқыс тастап, ластамауды сұраймыз.
Акцияға 300-ден астам адам қатысты. Арнайы техниканың көмегімен 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. «Ертіс – Достық өзені» ұранымен өткен тазалық эстафетасын жаңасемейліктер көрші ауданға жолдады.
Бақытгүл Қазез
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Жаңадан құрылған Жаңасемей ауданында тазалық акциясы өтті&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./news/193449/)