Израиль әскері Газа секторындағы Рафах қаласына танкілер мен әскер кіргізді. Мысырмен шекарадағы бақылау-өткізу пунктінің палестиналық бөлігін бақылауға алған. ЦАХАЛ-дың мәлімдеуінше, бекет лаңкестік мақсатта пайдаланылған. Дегенмен бұл ақпарат нақты расталған жоқ. Газа секторына арналған гуманитарлық көмектің көп бөлігі осы «Рафах» пункті арқылы өтетін. Қазір бекет жұмысын тоқтатып, жүк көліктері өте алмай тұр. ЦАХАЛ Рафахтың оңтүстігінде әскери операция бастағаннан кейін ХАМАС Газа секторында атысты тоқтатуға келісетінін мәлімдеді.
Алайда Израиль бұл ұсынысты қабылдаған жоқ. Одақтастары Израильді Рафахты шабуылдаудан бас тартуға шақырған еді. Олар бейбіт тұрғындар оққа ұшады деп алаңдап отыр. Газа секторының басқа да аудандарындағы соғыстан қашып, миллиондаған адам қалада бас сауғалаған. Таяу Шығыстағы жағдай қазан айында ушықты. Хамас жасаған шабуылға жауап ретінде Израильдің бастаған әскери операциясынан 34 мыңнан аса палестиналық қаза тапты.
Арай Төлегенқызы