Осы апта елімізде дзюдодан әлемдік деңгейдегі Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді. Байрақты бәсекеде Париж Олимпиадасының ұпайлары сарапқа салынады. Қатысушылардың арасында дүниежүзі елдерінен келген спорт жұлдыздары бар. Жарыста ел намысын 50-ден аса татами шебері қорғайды. Олар кімдер? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.
Елордада осымен екінші жыл қатарынан өткелі жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына тоқсанға жуық елден 500-ден аса татами шебері бақ сынайды. Турнирге қожайындық ететін ел ретінде Қазақстан әр салмақтан 4 дзюдошыдан қатыстыра алады. Әр салмақта жүлдеге ғана емес, Олимпиадаға баруға үмітті дзюдошылар бар. Олардың арасында: Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин, Ғұсман Қырғызбаев, Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар, Ғалия Тынбаева, Ақерке Рамазанова тағы басқалар бар.
Елдос Сметов, дзюдошы:
Дайындық өте жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Бұл Олимпиадалық жыл болғаннан кейін жылдың басынан тыңғылықты түрде дайындалып жатырмыз. +03:05 Бұл жерде үлкен бәсекелестік жүріп жатыр өзімнің бауырларымның арасында. Енді мен ойлаймын менің оларға пайдам тимесе, зияным тимейді.
Жанкүйер күткен - 48 келіде белдесетін Абиба Абужақынова бұл жарысқа қатыспайды. Абиба былтыр да бұл жарыстан тыс қалған. Ол кезде ұлттық құрама бапкерлері жарақатына байланысты рұқсат бермеген.
Абиба Абужақынова, дзюдошы:
Қазақ халқынан кешірім сұраймын. Менің басты мақсатым: әлем чемпионаты. Qazaqstan Barysy Grand Slam біткеннен кейін 5 күннен соң әлем чемпионаты, менде салмақ бойынша мәселе бар. + 00:36 Бапкерлердің, жеке бапкерімнің айтуынша, әлем чемпионатында күресемін. Енді менде ұпай жетеді ғой. Үшінші орындамын.
Бұл бәсекенің нәтижесінде әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептеледі. Жарыс 10-12 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Кіру тегін.
Асылбек Данияр