Стамбұл қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде 11- сынып оқушысы мектеп директорын атып өлтірді. Тәртібінің нашарлығына байланысты мектептен шығарылған жоғары сынып оқушысы директорды кабинетінде отырған жерінен бес рет атқан. Осы оқиғаға қарсылық білдірген түркиялық ұстаздар бүгін бір күндік ереуіл жариялап жұмысқа шығудан бас тартты. Оқиға туралы толық ақпаратты бізбен байланысқа шығып тұрған тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік.
Айдос Әшімұлы, тілші:Кешегі қанды оқиғадан соң Түркиядағы ұстаздардың басын біріктірген бірнеше қоғамдық ұйым мұғалімдердің қауіпсіздігіне биліктің көңілін аудару үшін бір күн жұмысқа шықпау туралы шешім қабылдады. Себебі кейінгі кездері ата-аналар мен оқушылар тарапынан мұғалімдерге қарсы зорлық-зомбылық көбейіп кеткен. Елдің Білім министрі кешегі оқиғадан соң мұғалімдердің қауіпсіздігін қорғайтын жаңа заң жақында парламентке ұсынылатынын айтты.
Юсуф Текин, Түркияның білім министрі:Жаңа заңда мұғалімдерге күш қолданған немесе ұстаздарға қарсы жеңіл қылмыс жасаған адамдарға айыппұл мөлшерін 50 пайызға дейін арттыру. Ауыр қылмыс жасағандарды жасына қарамастан бірден бас бостандығынан айыру сияқты жаңа баптар енгіздік. Жақында парламентке ұсынылады. Депутаттарымыз бұл заңды қолдайды деп сенеміз.
Айдос Әшімұлы, тілші:Ал мектеп директорын атып өлтірген 17 жастағы оқушы Түркияда оқитын Ирак азаматы екен. Бұған дейін тәртібінің нашарлығына байланысты бірнеше мектептен қуылған оқушы заңсыз қару ұстап жүргені үшін бір рет жауапқа тартылған болып шықты. Кеше директорды атып өлтірген соң әлеуметтік желідегі парақшасына кегімді қайтардым деп жазғаны анықталды. Қазір қамауда отырған жасөспірімге қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Айдос Әшімұлы