Атыраудағы Жайықтың деңгейі 534 см-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Жайықтың деңгейі 534 см-ге жетті

11.05.2024

Атырау облысында су деңгейі әлі көтерілуде. Бірақ, өңірде жағдай тұрақты. Соңғы ақпаратты аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіттен білейік. Нұрсұлтан, қауіп сейілді ме, жағдай қалай?

 Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бүгін Атыраудағы Жайықтың деңгейі 534 см-ге жетті. Кешегі тәулікпен салыстырғанда көрсеткіштер едәуір аз. Мәселен, бүгін таңертең 08:00-ден бері Атырауда су 1 см-ге, Махамбетте 3 см-ге, ал Индерде 1 см-ге көтерілген. Жауаптылар сонда да босаңсуға әлі ерте деп қосымша бөгет нығайтып жатыр. Кеше Индер-Орал тас жолының Индерге кіре берісін су баса жаздады. Кешкісін жол жабылып, екі жағынан топырақ төселді. Бүгін қатынас қалпына келді. Бұған дейін Махамбет-Сарытоғай арасындағы жол да жабылғанын хабарлаған едік, ол жерге 2 су өткізгіш құбыр салынып, құрылыс жұмыстары аяқталып, көліктер емін-еркін қатынап жатыр. Ал төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жайылымда қалып қойған малды қауіпсіз жерге көшіруде.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Жылыой ауданы Құлсары қаласында жұмыс әлі жалғасады. Бүгінге дейін 5 млн текше метрге жуық су сорылып, 2906 үй мен әлеуметтік нысан құрғатылды. 3500 текше метр аумақ дезинфекцияланды. Қазір электр, газ желілері жөнделіп жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу