Еуропа елдері кітапқа қызығушылығын балабақшадан бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері кітапқа қызығушылығын балабақшадан бастайды

11.05.2024

«Елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананы көбейтіп, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Президент Қ. Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда осылай деген болатын. Қазақстанда кітапқұмарлардың саны көбейіп келеді. Бірақ Батыс елдеріндегідей автобус, метрода, қоғамдық жерлерде жаппай кітапқа үңілген жұртты кездестірмейміз. Әлемде кітап оқудан көшбасшы Еуропа елдері кітапқа құмарлықты қалай арттырды?

Өскелең ұрпақтың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды Еуропа елдері балабақшадан бастайды. Алыстан-ақ көздің жауын алатын түрлі-түсті, әсем безендірілген ертегілерді тәрбиешілер балақайларға байыппен оқып, ерте жастан кітап оқуға баулиды. Мектептерде «оқу сағаты» енгізілген. Яғни, күн сайын оқушылар мен ұстаздар 15 минут тапжылмай, ұнаған кітабын оқуды әдетке айналдырған.

Кэти Мелбрун, 8-сынып оқушысы:

Бүкіл сынып, бүкіл мектеп тыныштықты сақтап, ұнаған кітабымыды оқимыз. Ғажап сезімге бөленесің. Басқа оқушылардың не оқығанын біліп, пікір таластырамыз. Шығарманы талқылаймыз. Бұрын кітапқа аса құмар емес едім. Қазір, аптасына бір туынды оқып, тауысамын.

Ата-ананың кітапқа құмарлығын арттыру үшін Швеция үкіметі жас босанған анаға әлемнің ең үздік балалар әдебиетінің жинағын сыйға тартады. Ұлыбританияда бала өмірге келгенде бірден оқырман билеті табысталады. Бірақ, Шекспирдің елінде соңғы жылдары кітап оқитындардың саны азайған. Олқылықтың орнын толтыру үшін Британия үкіметі кітап оқу жылын және наурыз айының алғашқы бейсенбісін кітап күні деп бекітті. «Bookstart»деп аталатын ұлттық бағдарлама аясында елдегі үш жастағы балаларға кітап толы тегін сөмке үлестіріп, жазғы демалыста 6 кітап оқыған оқушыға бағалы сыйлық тағайындады.

 Нұрсұлу Қасым, тілші:

Еуропа елдерінде ұсталған кітаптарды тиын-тебенге саудалайтын дүкендер көп. Мұнда кез-келген жанрдағы кітап 1 еуро 50 центтен басталады, бізше 750 теңге. Қалаған кітабыңды алып, осы жердегі дәмханадан кофе, шәйіңді ішіп, оқуға жайғассаң болады. Оқырманға барлық жағдай жасалған.

Еуростат агенттігінің мәліметінше, қарт құрлық тұрғындарының 70 пайызы жылына кем дегенде бір кітап оқиды. Швеция, Дания, Бельгия тұрғындары тіпті жазғы демалыста 2,5 томды бір-ақ тауысады екен. Сандық технология қанша дамыса да, қарт құрлық халқы әлі күнге қағаз кітаппен дос. «Интернет оны алмастыра алмайды»-деседі аға буын өкілдері. Ал, өскелең ұрпақтың кітап оқуға ынтасын арттыру EUread ұйымының міндеті. Құрамына Еуропаның 22 мемлекетінен 33 ұйым кіретін мекеме қарт құрлық елдеріндегі оқырман мен кітапханалардың байланысын арттырып, руханияттың күретамыры-кітап екенін адамзаттың санасына сіңіруге барын салмақ.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу