Атырау облысы Индер ауданында жерасты құбырынан су кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысы Индер ауданында жерасты құбырынан су кетті

13.05.2024

Атырау облысы Индер ауданында жерасты құбырынан су кетті. Қазір жауапты мамандар суды бұру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақтағы жағдайды әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланыста баяндауға әзір.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Индер ауданында жағдай тұрақсыз. Кеше кешке әлеуметтік желіде бөгеттер жарылып, ауылға қауіп төнді деген ақпарат тарап, халық дүрлікті. Аудан әкімінің баспасөз хатшысымен байланысқан едік, ешқандай бөгеттерді су шайған жоқ, бөгет астындағы ескі құбырдан кетіп жатқан су деген анықтама берді. Қазір суды қауіпсіз аймаққа бұру және бөгет тұрғызу қатар жүріп жатыр. Бұған 30 бірлік техника, 20 су айдау құрылғысы және 300-ден астам адам жұмылдырылған. Жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін кенттің бір бөлігі жарықтан ажыратылды. Дәл қазір Индербор кентіндегі Жайықтың деңгейі 1038 см, яғни қауіпті деңгейден 2 метрге асып кетті.

Дарын Шамұратов, Индер ауданының әкімі:

Бұл су ескі құбырлардан кетіп жатыр деген болжам бар. Қазіргі уақытта оны ашып қараудың мүмкіндігі жоқ. Қазір толықтай тұйықталып, бақылауға алынды. Қазір атқарылып жатқан жұмыстар 3 деңгейлі балдарды соғу жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Ахуал толықтай бақылауда. Индербор кентіндегі бөгеттерді ешқандай да су шайған жоқ.

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ауданға арнайы барып, су тасқынына дайындықты пысықтады. Бекітілген бөгеттердің жалпы ұзындығы 30 шақырым. Тағы бір ақпар, Индер-Орал тас жолының Индерге кіре берісіндегі жолды су шайды. Қазір жол жабылды. Бұл туралы толық мағлұматты алдағы шығарылымдарда айтамын.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу