Индер ауданында Жайық өзені қауіпті деңгейден 2 метрге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индер ауданында Жайық өзені қауіпті деңгейден 2 метрге асты

13.05.2024

Атырау облысында тасқын қаупі сейілмей тұр. Республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолының Индерге кіре берісіндегі жолды су шайды. Қатынас тоқтады. Теңіз деңгейінен едәуір төмен орналасқан Махамбетте де жағдай тұрақсыз. Өзен ернеуінен асып, жайылмаға ойысты. Ал Атырау қаласындағы елдімекендерде су, тұрғызылған бөгетке тірелді.

Индер ауданында Жайық өзені қауіпті деңгейден 2 метрге асты. 10 метр 40 смге жетті. Индерге Атырау-Орал тас жолы жағынан кіре беріс жолды су шайып, қозғалыс тоқтады. Кеше кешкісін әлеуметтік желі де бөгет жарылып, елдімекендерге су кіріп жатыр деген ақпарат тарап, елді дүрліктірген еді. Анығында жерасты құбырынан су кеткен болатын. Тасқын судың арқасында шабындықтар мен жайылымдар да суға толып жатыр. Мол су ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін береді, дейді тұрғындар.

Мұса Күсепов, Индербор кентінің тұрғыны:
Өзімнің жекелей пікірім су осылай келер болса онда халыққа қауіп жоқ. Бұның қайта жақсылығы көп біз үшін. Біріншіден жайылым болады. Екіншіден мал семіреді. Жайығымызға балық келеді.

Ал Махамбет ауданында қауіпті 3 елдімекен белгіленген. Ол аудан орталығы Махамбет және Сарайшық, Талдыкөл ауылдары. Қазір мұнда көмекке Қорғаныс министрлігінен келген 200-ге жуық әскери қызметші мен төтенше жағдай министрлігінің 51 қызметкері екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Бекітілген кезекшілік кестесіне сай су деңгейін бақылап отыр.

Сәбит Борашев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
Бұған төтенше жағдайлар департаментінің Атырау және Маңғыстау облысы бойынша қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдері бар.

Ал Атырау қаласында жаға бекіту жұмыстары толық аяқталды. 250 шақырымнан аса бөгет тұрғызылды. Бесікті, Алмалы, Ақсай, Талғайран тұстары бақылауға алынған. Өйткені мұнда нөпір су арнадан асып, биіктігі 6 метр болатын жаңадан тұрғызылған бөгетке кеп тірелді. Сондықтан алаңдауға негіз бар.

Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:
Мамандардың пікірі бойынша бірер күннен кейін үлкен нүктеге жетеді. Оған біздер қазір толықтай дайынбыз деп есептеймін. Дегенмен де өзіміздің күштеріміз және тұрғындардың күштерімен қандай да бір жағдай бола қалған жағдайда дер кезінде уақытында әрекет жасауды ұйымдастырудамыз.

Қала бөлігіндегі гидробекетте Жайық деңгейі 5 метр 45 см-ге жетті. Шекті көрсеткішке 5 см қалды. Қазір кейбір учаскелердегі бөгеттің осал тұсы қайта нығайтылып жатыр. Оған 5 млн-нан астам қапшық жұмсалды. Қаланың өзінде 10 мыңнан астам эвакуациялық орын әзір тұр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу