Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тұрғындары қоқыс қазып, темекі теріп жүр. Өйткені дүкен сөрелерінде сатылмаған темекі өнімдері айдаладағы полигонда аяқ асты болып шашылып жатыр. Желіге тараған мына бейнежазбада 100-ге жуық тұрғынның темекіні жаппай жинап жатқаны көрінеді. Бұл жоюға жіберілген контрабандалық темекілер екен. 2 млн темекі қорабы талапқа сай жойылмаған. Ал тұрғындар оны 2 тәулік бойы жинаған. Заңсыз өнімді жоюға қалалық қаржы бөлімі жауапты болған.
Самал Тұрарова, Тараз қалалық қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі:
Ол полигонға бөтен адамдардың кіруінің өзіне негізі тыйым салынған. Біз жойған кезде ол жерде комиссия мүшелері түгел тұрды. Осы қаржы бөлімінің қызметкерлері және құзырлы органдар тұрды. Біз ол жерде тұрған кезде ешкім, бөтен адамдар кірмеген етіп, болмаған еді.
Полигон басшылығы халықты қайтару мүмкін болмады, дейді. Шектеуге көнбеген соң полиция шақырған. Бірақ бұл жауапкершіліктен босатпайды. Жинауға жол бергені үшін полигон басшылығы жазаланады. Жалпы Жамбылда көрші елден келетін темекінің заңсыз тасымалы тиылмай тұр. Соңғы 4 айда 4 млрд теңгенің тауары тәркіленген.
Сабыржан Әбжаппаров, Қоқыс полигоны басшысының орынбасары:
Қуып, қудалады осы жердегі мастерлер бар. Бірақ бой бермегеннен кейін бізге, участковыйларды шақырып, солардың өзі зорға қуып шықты.
Данияр Әлімқұл