Малайзия Премьер-министрі Қазақстанға ресми сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Малайзия Премьер-министрі Қазақстанға ресми сапармен келді

16.05.2024

Қазақстан мен Малайзия құны 500 миллион доллардан асатын инвестициялық келісімдерге келмек. Бұл туралы Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагимнің бүгін елімізге жасаған ресми сапары кезінде белгілі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алыстан келген мейманды салтанатпен қарсы алып, тараптар сан саладағы байланысты арттыру жайын талқылады. Ал Малайзия Премьер-министрі қонақжайлық үшін алғысын жаудырып, оның сапары Астана мен Путраджая арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарға серпін беретініне сенім білдірді.

Ануар Ибрагим, Малайзияның оныншы Премьер-министрі Қазақ жеріне ресми сапармен алғаш рет келді.

Малайзияның Жоғарғы билеушісі болғанымен ол ел ісіне көп араласа бермейді. Негізгі міндетті 5 жылға тағайындалатын премьер-министр атқарады. Сондықтан Ануар Ибрагимге Президенттерге сай құрмет көрсетілді. Қарауыл сап түзеп, оркестр қадірлі мейманды сән салтанатпен қарсы алды.

Досжан Маратұлы, тілші:
Анвар Ибрагим Премьер-министр лауазымына екі жыл бұрын тағайындалған. Ол басқаратын Үкімет соңғы кездері Орталық Азия елдері байланысты арттырып жатыр. Кеше ғана Қырғызстан президентімен кездескен Ибрагим бүгін міне қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз өткізбек.

Рет-ретімен жасалған салтанатты рәсімнен кейін тараптар екеуара көп саланы қаузады. Малайзия - өте жоғары қарқынмен дамып келе жатқан Азия «жолбарыстарының» бірі. Бірақ короновирас пандемиясынан алыс-беріс азайып кеткен еді.Екі ел олқылықтың орнын толтыруға мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық пен өзара ынтымақтастық арқауы байланыстырады. Бізде бұл бағытта жақсы дәстүр қалыптасқан. Сондықтан Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз көптеген маңызды салаларда өзара ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін қосымша күш жұмсауға дайынбыз.
Ануар Ибрагим, Малайзия Премьер-министрі:
Құрмет көрсеткеніңіз үшін алғыс білдіремін. Бұл сапарға еліміз зор мән беріп отыр. Астанаға өзімен бірге үлкен құрамда келген Малайзия делегациясы соның айқын дәлелі. Біз қай салада болсын ықпалдастықты арттыруға дайынбыз.

Малайзия Премьер-министрінің елімізге жасаған сапарының мәні сол. Серіктестікті арттыру жайын талқылау. Қай салада байланысты жандандыруға болады? Қай бағытта ықпалдастық қажет? Соны анықтайды. Инвестиция құйып, бірлескен жобаларды іске асыру жайы талқыланады.

Болат Сүгірбаев, ҚР Малайзиядағы өкілетті және төтенше елшісі: 
Азия «Жолбарыстары» атанған елдер әлем экономикасының қозғаушы күшіне айналып барады . Осылай жалғаса береді. Сондықтын Малайзия сияқты оңтүстік шығыс Азия елдерімен байланысты арттыру біз үшін маңызды болмақ. Бұл елдерде инвестициялық мүмкіндік көп. Соны дұрыс пайдалана білуіміз керек.

Пандемия кезінде сауда-саттық көлемі азайғанымен, былтыр көрсеткіш жақсара түсті. Көлемі 250 млн доллар болды. Өсім 68 процент. Биыл да төрт айда алыс беріс 30 пайызға артқан. Біз Малайзияға негізінен мұнай, металл мен бидай сатамыз. Электронды құрылғылар мен өндірістік және медициналық қондырғыларды,кофе мен пальма майын импорттаймыз. Келіссөз кезінде тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік логистикалық,инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейту жолдарын қарастырды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму және инновациялар министрі:
Малайзия елімен біз IT саласындағы стартаптармен жасанды интеллект жөніндегі ой пікірлерімізді бөлісеміз. Істеген жұмыстарымызды көрсетуге дайынбыз.

Қазір Малайзиямен тікелей әуе рейстері ашылды. Жүк тасымалы жанданып келеді. Малайзиялық 30 компания елімізде табысты жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың қатары толыға түспек. Өйткені ертең Қазақстан-Малайзия бизнес форумында құны 500 миллон болатын инвестициялық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Олар негізінен тау-кен өнеркәсібі, IT, туризм салаларында. Кейін Малайзия президенті Ануар Ибрагим Ташкентке жол тартпақ.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу