Жетісу облысында шаруалар су үнемдеуге көшіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында шаруалар су үнемдеуге көшіп жатыр

17.05.2024

Жетісу облысының ауыл шаруашылық алқаптарында су тапшылығы сезіліп келеді. Сондықтан шаруалар тың технологияларға көшіп, жаңа дақыл түрлерін енгізіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін қолға ала бастады. Ірі аграрлық кешендер 3 мың гектар егістікте су үнемдеудің әртүрлі әдісін енгізді. Жалпы облыс бойынша 30 мың гектарды игеру жоспарланған.

Сарқан ауданындағы бұл шаруашылық дәрілік өсімдіктер жинаумен айналысады. Қарамағындағы 5 мың гектардың 600 гектарында жалбыз, түйемдақ, сәлбен, қалақай, шәйқурай және тағы басқа шөп түрлерін өсіреді. Былтырдан бері тәжірибие ретінде топырақ астында тамшылатып суару әдісін қолдануда. Яғни су түтікшелер арқылы өсімдік тамырына тікелей жетеді. Ылғал ұзақ сақталады, буға айналып кетпейді.

Алексей Коржиков, серіктестік директоры:

Соңғы жылдары қуаңшылық белең ала бастады. Жауын-шашын да аз. Сондықтан біз алқаптарымызға тың суару жүйелерін қолданып келеміз. Бірнеше жылдан бері 149 гектар жерімізді жаңбырлатып суарсақ, биыл топырақ астымен тамшылатуға көштік.

Ал Ақсу ауданындағы бұл шаруа қожалығы тәлімді жерге ұңғымалар қазып су шығарып жатыр. Мақсаты 130 гектарға қант қызылшасы мен дәндік асқабақ өсіру. Өнімді полиэтилен астында тамшылатып суармақ. Арнайы техникамен бір мезетте дәнді де сеуіп, құбырды да тартып, топырақ бетін жаба алады.

Мәжіт Сабырханұлы, шаруа қожалығының өкілі:

Бұны енді әзір сынақ бастап ектік өзіміз. Енді жақсы болса келер жылы осы жердегі халықтарға да еккізіп, осы арқылы, егер 1000 гектардан асатын болса осы жерден шағын зауыт салып, мәнерлеп, Орта Азияға шығаруға болады.

Шаруашылық бұл бастамасына азды-көпті 300 млн теңгедей инвестиция тартты. Десе де елімізде тамшылатып суаруға кеткен шығындардың бір бөлігі субсидияланады.

Ерлан Османбеков, Ақсу аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Мемлекеттің қолдауына қазір документтерін дайындап жасап жатыр бұл кісілер. Елу пайыз тамшылатып суару әдісіне мемлекет қолдауы бар. Инфроқұрылымдарына, светтері бар шығарған шығындарының елу пайызын өтеп береді мемлекет.

Мамандар жылдан-жылға су азаймаса көбеймейтінін айтады. Сондықтан тіршілік нәрін үнемдейтін технологиялары өзен-көлі мол Жетісу өңіріне де қажет.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу