Бүгін - халықаралық музейлер күні. Осыған орай елімізде "Музей түні" акциясы басталды. Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейге барғандар сонау палеолит, неолит дәуірінен бастау алатын жәдігерлермен танысып, ерекше кештің куәсі болды.
Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде 300 мыңнан аса экспонат сақталған. Орталықта осымен 18 жыл қатарынан ұйымдастырылған мұндай шараның берері мол, - дейді мамандар.
Ғалия Теміртон, ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары:
Бүгінгі күні жастар болсын, үлкендер болсын әртүрлі технологиялар көбейген кезде әрине, заттарды тек қана витринаның, шынының астынан ғана көрмей, олардың бүгінгі күні сөйлегенін, образбен айтқанда, сол заттардың қимылдағанын көргісі келеді әрине.
Мәдени кеште қазақ ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың тың еңбектері мен жетістіктерін көрсететін «Ұлы даланың Ұлы есімдері» көрмесі ұсынылды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Бүгінгі музей түніне келушілер тек қана жәдігерлермен ғана танысып қоймай, өздеріңіз көргендей түрлі бұйымдардың қалай жасалу керек екенін көзбен көріп, қолмен ұстап көруде. Мәселен, менің сол жағымда қыш ыдыстың жасалу қыр-сыры келушілерге көрсетіліп жатыр.
Гүлзира Сәрсенбаева келушілерге алаша, текеметтің қалай тоқылатынын көрсетіп жатыр. Шебердің айтуынша, жастардың төл өнерге қызығушылығы жыл сайын артып келеді.
Гүлзира Сәрсенбаева, қолөнерші:
Терме алаша дейді бұл әдісті. Ата заманнан келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, менің бар мақсатым – жастарға үйрету және қызығушылық тудыру.
Қылқалам шеберлерінің де туындылары келушілерді бей-жай қалдырмады.
Еліміздегі музей қорларында қазір – 2,5 миллион экспонат болса, оның 350 мыңы - аса құнды. Ал Ұлттық мәдени мұра нысандарының қатарында 5 мыңға жуық жәдігер бар.
Қуан Нұрақын