Жаз шықты - жолдар да «жалаңаштанды». Үлкен қалаларда жұрттың ығырын шығарып, жол жөндеу басталды. Мысалы, Астанада. Кептелістен кептеліске кіріп, қала тұрғындарының жүйкесі сыр беріп жүр. Көшенің біреуін бітірмей, екіншісі жабылғанын көріп «алдымен жапқан жердің жұмысын бітіріп, екіншісіне сосын кірісуге болмай ма?», «Сарайшық көшесін жапты, онымен жалғасатын көпір де жабық. Көпірді істеп жатқандарына айдан асты. Ал оны былтыр да жөндеген еді», «Жаяу да өте алмайсың, 5 шақырымды қалай жүріп өтесің?» деген тәрізді наразылыққа толы комментарийлерді естіп ғана қоймайсың, өзің қосылып айтасың...
Дегенмен өмірі жөндеу көрмеген жолдарды ескерсек, кептелісті проблема көру тағы ыңғайсыз...
Жолдар неге жиі жөнделеді? Тиісінше, келесі сауал туады: демек сапасыз ғой?
Ал неге сапасыз – бір шақырым жол төсеуге өте көп қаржы кетеді, сол да жетпей ме? «ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, бізде ІІ техникалық санаттағы 1 шақырым жолды салу және жаңғырту құны орта есеппен 1-1,2 млрд теңге тұрады.
Бүкіл тірлікке әсер ететін аса маңызды екі фактор болса, бірі – сапалы жол. Онда басқа әңгіменің не қайыры бар? Серік Жұмабектің сараптамасы.
Серік Жұмабек, тілші:
Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеуіне сенсек автомобиль жолдарының сапасы бойынша Қазақстан әлем елдерінің рейтингіде 91 орынға жайғасқан. Тіпті, Уганда, Кения, Танзания секілді Африка елдері де Қазақстаннан алда келеді. Қасаң ойға берілсең, күмәнданасың. Бірақ, күзде салынып, көктемде қармен бірге еритін жолдарға қарап ойланып қаласың.
Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96000 шақырым. Оның 25000-ы республикалық, қалған 71000-ы облыстық және аудандық жолдар. «Әлем картасында 9 орын алатын Қазақстан үшін бұл цифрлар аз, оның көлемін арттыру керек»,- дейді мамандар. Бірақ, жаңасын салудан гөрі, салынған жолды жыл сайын жөндейтін ел үшін бұл мүмкін бе?!
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ресми өкілі:
Биылдан бастап біз 12000 шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Оның 5300 шақырымы республикалық маңызды жол болатын болса, 4200 шақырым жергілікті жолдар және 2500 шақырым жол соңғы 20 жылда орта жөндеуден өтпеген жергілікті жолдарды біз қайта жөндеуден өткіземіз.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Емханаға барып көріне алмайды жолға байланысты. Судороги болып жатқан, температурасы 40-қа жетіп жатқан, босанайын деп жатқан әйелдер немесе құлап жатақат алып қалған адамды апарып аудан орталығына жеткізе алмайды. Емханаға жеткізе алмайды.
Былтырдың өзінде жұмысына жүрдім-бардым қараған мердігер компанияларға 64 МЛН теңгеден аса айыппұл салынып, 18 техникалық- қадағалау маманы жұмыстан босатылан.
Рашид Жақсылықов, экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Қаражат та, материалда жетпеушіліктен емес, жауапкершілік жетпеушіліктен болып жатыр. Себебі, жолға бөлінген ақшаны жолға жұмсамай, кейбір адамдардың қызығына жұмсап жатырмыз. Ежелгі Римда сот қандай креслода отырған? алдыңғы соттың терісінен жасалған креслода отырған. Бізге жетпей жатқаны осы сияқты.
«Жол сапасын арттыру үшін жауаптылардың жауапкершілігін заңдастыру керек»,- дейді мамандар. Мысалы, біздің елде сапасыз жол салған компаниялардың жұмысы 4 айдан 3 жылға дейін уақытша тоқтатылады. Ал, Түркияда..
Решид Байрам, Ыстамбұл қаласы Кучукчекмеже ауданы жол құрылысы басқармасының басшысы:
Мердігерлерге талап қатаң. Сапасыз жол салған немесе жұмысын бітірмей кеткен компания ешқашан жол салу жұмыстарына қатыса алмайды. Қомақты айыппұл да төлейді. Ал, тиісті мекемелер жұмыстың әр сатысында сапаны қадағалап отырады.
Қадағалау дегеннен шығады. Сапасыз жолдардың салынуына техникалық қадағалау жүргізетін мамандардың құрылыс басында болмауы басты себеп. Тіпті, инженерлердің жұмысын аса маңызды деп санамайтын мердігерлер де бар еен.
Қуаныш Төлеуханов, ҚР Жол активтері сапасының ұлттық орталығы сапаны бақылау бөлімі басшысы:
Жол құрлыс жұмыстарына және материалдарына сараптама жасау кезінде көбінесе техникалық қадағалау ұйымының жұмыс жүргізіліп жатқан орындарда болмағанын тіркеп жүрміз. Бұл неге әкеліп соғады? Мердігер компания кез-келген ақауды болдырмау үшін техникалық қадағалау ұйымы қасында жүріп қалай дұрыс істеу керек, қалай істемеу керек соны қадағалау керек. Егерде ол құрылыс басында болмаса оны кім қадағаайды?
Ұлан Әліп, жол сарапшысы:
Ол инженер сол жобаның қате жерлерін түзетіп мердігерге ыңғайлап беріп солай жасау керек. Біздің елде қазір ол инженерлерді олай қарамайды. Инженерлерді жаңағы әрі-бері шапқылайтын, жұмсайтын бала сияқты қарайды да дұрыс қарамайды инженерге.
Жол сапасына әсер ететін тағы бір маңызды мәселе басқару механизміндегі бірізділіктің жоқтығы. Сарапшылар, елдегі барлық жолға тек бір уәкілетті орган жауапты болу керек деп санады.
Ұлан Әліп, жол сарапшысы:
Ауылдың жолы ма, қаланың жолы ма, жолға бір адам ғана жауап беру керек. Бізде қазір мысалы ауданның жолына аудан әкімі жауап береді, облыстың жолына облыстың әкімі жауап береді. Жауапкершілік бөлініп кеткен. Біздің даже министрліктің ішінде автомобиль жолдары комитеті бар, Қазавтожол бар. Қазавтожолдың өзінің жолы бар құрылыс жүргізіп жатқан, автомобиль жолдары комитетінің өзінің құрылыс жүргізіп жатқан учаскелер бар.
Рашид Жақсылықов, экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Адамның үй сатып алу операциясын толыққанды ноториустерге жүктеп салды ғой иә, егер шикі шығатын болса сен лицензияңнан айырыласың. Тура сондай инструмент жасау керек. Жолдың сапасын тексеріп қабылдап алатын жеке, ешкімге тәуелді емес ұйымдар болу керек. Қалған ірі-ірілерінің бәрі мен сізге айтайын жолдың сапасын тексеріп алатын АО, ТОО-лар министерствода істейтін немесе істеп кеткен кезіндегі лауазымды адамдардың компаниялары.
Жол саласын басқарудың мұндай тармақтарға бөлінуі бюджет қаржысын жымын білдіртпей жұмсауға әсер ететіндей.Мысалы...
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бір шақырым жолға республикалық бюджеттен салынатын ақша қандай деген сұрақты біз нақты көтердік жұмыс тобында 692 млн теңге кетеді.
Ал, жыл басында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев 1 санаттағы, 4 жолақты 1 шақырым жолға 2 млрд теңге кететінін айтқан. Кімге сенеміз?! Ал ауыл, аудан, қалалардағы жолдарға жергілікті әкімдіктер жауап береді. Қай жерге, қанша шақырым жол салу керектігін де солар шешеді. Бірақ, алдын- ала жоспарлау жоқ. Нәтижсінде...
Мейрамгүл Қабдыгалиева, ҚазжолҒЗИ жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялар департаментінің директоры:
Жолды жобалау алдында, салу алдында ең алдымен оның диагностикасын өткізіп алу керек. Яғни, қанша машина жүреді, қандай машина жүреді, салмағын бәрін есептеп алып содан кейін жолды жобалап, жобалау кезінде осы жолға тиімді, керек, пайдасы болатын материалды тңдау керек.
Рашид Жақсылықов, экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Бір минутта ол жерде 50 машина өтуге есептелген жол шығар, ал қазір 150 машина өтіп жатыр ғой. Дұрыс сараптама жасамау да өте үлкен. Мұның бәрі неден туындайды, шама келгенше арзандату.
Сарапшылар елімізде диагностика жасайтын жекеменшік орталықтардың жеткілікті екенін айтады. Бірақ, олардың кәсіби деңгейін дәлелдеу мүмкін емес дейді. Ол аздай салынатын жолға диагностика жасау мемлекет тарапынан міндеттелмеген. Әкімдік қажет деп санамаса бұл жұмыс жаалмайды да.
Серік Жұмабек, тілші:
Мүмкін әкімдікке сараптама жасатып шығындалғаннан гөрі қаладағы көлік санын былтырғы жылмен салыстыра салған жеңіл әлі жылдам шығар деген ой келеді. Бірақ, соңғы 3 жылда Астанада тіркелген көлік санындағы өзгеріске қарап бұлай айта алмайсыз. Сонда себеп неде?!
Мамандар 2024 жылға дейін әрбір мердігер компания өз рецептімен жол салғанын айтады. Ал, биылдан бастап жол активтері сапасының ұлттық орталығы Астана қаласы бойынша мердігер компанияларға рецепт дайындап беруді бастаған. Мүмкін, нәтиже жақсарар деге үмітпен.
Адилия Ажибаева, ҚР КМ жол активтері сапасының ұлттық орталығы зертханалық зерттеулер және талдау бөлімінің зертханашысы:
Осы жылдан бастап Астана қаласы бойынша асфальтті бетондық зауыттарға біз өзіміздің рецептерімізді дайындап береміз. Яғни, сол рецепт бойынша олар асфальтті жаяды және кейін тағы да біз сол асфальтті сынамадн өткіземіз.
Серік Жұмабек, тілші:
Соңғы жылдары асфальт салуға полимер деп аталатын химиялық қоспаны пайдалану үрдіске айнала бастаған. Әсіресе елордамыз Астана қаласында. Мына тұрған үлгі полимер қосылған үлгі. Осы үлгіні қасымдағы жол табанының орташа тереңдігін анықтау құрылғысы арқылы арлы-берлі 20000 рет жүріп өткен. Сондағы қалған із 2.5 мм аспайды. Ал, полимер қосылмаған жолдарда бұл тереңдік 5.5 мм- ге дейін кетіп қалатын көрінеді.
Өкініштісі, жол табанының орташа тереңдігін анықтайтын дәл осы құрылғыдан республика бойынша бесеу ғана бар екен. Оның үшеуі Астанада.
Серік Жұмабек, тілші:
Полимер қоспасы бар жолдар қазірше Алматы мен Астана қалаларында ғана. Мысалы, Елордамыздағы мына Сарайшық көшесіне аталған қоспасы бар асфальт төселіп жатыр. Биыл Астанада 50 шақырым болатын 50 ден астам көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты тұрғындар неге жыл сайын жол жөндейді деп наразы болуда. Ал, әкімдіктегілер қазір бір уақытта жұмысы басталған 16 көшенің ешқайсысы былтыр жөнделмеген деп отыр.
Мамандар жолға қажетті химиялық қоспалардың дені шетелден келетінін жасырмайды. Сонымен бірге маман тапшы. Соңғы 30 жылда жол саласы бойынша 2 -ақ ғылым докторы шыққн.
Мейрамгүл Қабдыгалиева, ҚазжолҒЗИ жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялар департаментінің директоры:
Мысалы, жол саласына жылда қажет 1500- де настам маман керек болса, ал еліміздегі ЖОО тек 100 ғана маман дайындайтын жылына. Қазір жолда ғылыми мамандар өте аз. Олар тіпті жолдан шет жүреді. Қазір бізде жолды салып жатқандар кімдер? Мастер, руководитель болып жүргендер олар күні кеше до рабочий болған дамдар. Ол рас!
Рашид Жақсылықов, экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Қазір бізде жол салатын мықты инженерлер өте аз. Битумның бұл жерде ешқандай қатысы жоқ. Кеңес үкіметінде пайдаланған битум. Өзіңіз білесіз Кеңес үкіметінен қалған жол сол қалпы тұр. Өзбекстанның жолы кезінде 60 жылдары Ташкентте жер сілкінгеннен кейін Совет үкіметі салып берген бетон жо сол қалпы тр.
Серік Жұмабек, тілші:
Биылдан бастап жол салатын мамандарды даярлауға 1000-ға жуық мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бөлуін бөлдік- ау бірақ, ЖОО- да аталған мамандық бойынша білім беретін мұғалім бар ма? жолшыларды кім дайындайды? Оқу бағдарламасында соңғы технологиялық жетістіктер қамтылған ба? Сұрақты ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Бірақ, жауап жоқ.
Жолдың сапасына қатысты мәселені түбегейлі шешу үшін жолды салу мен оны күтіп ұстауды бір компанияға ұзақ мерзімге беру керек шығар деге ұсыныс та бр.
Ұлан Әліп, жол сарапшысы:
Мердігер мысалы ол өзі жобалап, өзі құрылыс салып өзі әрі қарай оны бәленбай кемінде 10 жыл күтіп ұстайтын болса міндетті түрде оны сапалы қылып келесі 10 жылда қаражат жұмсамаудың жолын қарастырады ғой. Көбінесе күтіп-ұстаушы мен мердігердің арасында келіспеушіліктер болып жатады. Мердігер айтады мен дұрыс салып беріп едім. Күтіп ұстау дұрыс болмады. Содан кейін осындай болды деп.
Былтыр көлік министрі Марат Қарабаев «2024 жылдан бастап мердігер жол учаскесін өзі жобалап, өзі салады және әрі қарай өзі күтіп ұстайтын болады»,- деген еді. Бірақ, әлі жүзеге аспады. Дегенмен елдің сөзіне құлақ асуға ыңғай танытқандай. Биыл алғаш рет «Халықтық бақылау» жобас енгізіліп жтыр.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ресми өкілі:
«Халықтық бақылау» жобасы 15 мамырдан бері еліміздің барлық өңірінде басталды. Ол үшін 1403 байланыс орталығына хабарласып, ватсап желісіне фото-видеосын жібереді. Жібергеннен кейін біз шешім қабылдап, сол азаматпен кері байаныс орнатамз.
Серік Жұмабек, тілші:
Бұл жоба жай пиар болмай, іске асса, рас, «жүйткір» едік. Ондай күн туса, қанекей?! Әзірге «Қазмедианың» жанындағы бульвардан күнде көліктен «кешірім» сұрап өтіп жүрміз. Сынып қалса, бізден ешкім кешірім сұрамайды…
Серік Жұмабек