Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіруші түлектерге арналған «Соңғы қоңырау» шарасын мейрамхана, үлпілдек көйлек, кортежсіз өткізу керек, оның орнына челлендж немесе дискуссия ұйымдастырған дұрыс деп отыр. Вице-министр Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, биыл 186 мың оқушы мектеп бітіреді. «Квест пе, хакатон ба, дискуссия ма, мұғалімдер, ата-аналарымен қосылып кеш пе, форматын өздерің ойлап табыңыздар деп отырмыз. Балалардан мерекені «тартып» алу жоспары жоқ», - деді министрдің орынбасары оқу жылының аяқталуына орай өткізген баспасөз мәслихатында.
Шын мәнінде, үлкендерше «бешір» өткізбеу, өкіртіп ақша жинамау мәселесі жылда көтеріледі. Бірақ ондай кештер жылда өтеді. Кортеж құрып, жарысады да. Өкінішке қарай, апатқа ұшырап жатады...
«Жарайды, балама зияны тиер» деп амал жоқ келісетін ата-ана аз емес. «Онда тұрған не бар, мектепті бір рет бітіреді, есте қалатындай етіп өткізейік, сынып жетекшісіне рахметімізді айтайық» - осылай ойлайтын және белсене ақша жинайтын ата-аналар да аз емес. «Барлық мәселе шешіліп, енді осы мәселе ғана қалды ма» дейді олар. Моральді-психологиялық жағынан қысым көрсетіп, ақша жинап алу, дүркіретіп той сияқты кеш өткізіп, сынып жетекшісіне қымбат сыйлық жасау – барлық мәселенің ішіндегі мәселе екенін түсінбейтін сияқты. Мынау қоғам дамуын тежейтін дерт, ал мынау ... бұл енді риясыз көңіл дейтін көзқарас, проблеманы тұтас көрмеу, сезбеу, түйсінбеу. Елдос Есенболдың материалы.
Ширек ғасыр бұрын соңғы қоңырау осылай соғылатын. Қоштасудың шарықтау шегі мектеп спорт залындағы кеште жалғасатын...
Соңғы жылдары мектеп бітіру дегеніңіз – ұлан-асыр той. Шамасы жеткені шет ел асып, жетпегені сәні мен салтанаты жарасқан мейрамханада тойлап, қаздай тізілген қымбат көліктердің шеруін ұйымдастырады...
Былтыр Маңғыстауда осындай кортеждің соңы апатқа ұласып, екі оқушы жансақтау бөліміне түскені де есте.
Әсел Исаханова, психолог, phd, Astana IT университетінің қауымдастырылған профессоры:
Көп студенттерден сұхбат алдым. «Сіздер де бітіргенде той жасадыңыздар ма? Ол сіздерге керек болды ма? Жоқ па» деген кезде керек болды дейді. Себебі «біз мектепте өте көп қиналдық. Сол қиындықтан өткенімізді біз тойлауымыз керек болды» дейді. 90 пайыз студент солай.
Айсана Тұрыш, Астана медицина университетінің студенті:
Не дегенмен бұл біздің 12 жылдық еңбегіміз. Сондықтан да біз кеш жасаймыз деп шештік. Мектепке айтпай. Шыны керек біз алдын-ала қозғалдық. Шамамен қыста, желтоқсан айларында. Біз ерте бронь жасадық. Қаладағы ең күшті ресторанды жалдадық.
Түлектердің осы бір сәтті есте қаларлықтай етуге тырысатынын түсінуге де болар. Бірақ «байдың асын байғұс қызғанғандай» болса да, айтуға тура келеді, мәселе ақшаға келіп тіреледі
Гүлнар Омарова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі:
Мысалы, бір жылдары бір бала ұрлыққа түсті. Өйткені үлкен соманы ата-анасынан алуға мүмкіндік болмай, содан кейін ұрлыққа түсті.
Сонда мектеп бітіруді дүркіретіп тойлаудың, әрі оны таспалаудың құны қанша деп той ұйымдастырушылардан сұрадық. Біз айтайық, сіз есептей беріңз.
Еркежан Аманжан, той ұйымдастырушы:
Бұл жерде винетка бар, жаңағы 25 мамыр соңғы қоңырауды түсірген бар, 15-і күні алатын аттестат бар, одан кейін ресторан бар. Бәрін бір орта есеппен алғанда 500 мыңнан басталады негізі. Одан ары қарай кете береді.
Ескеріңіз, бұл жерде той ұйымдастыру орталығы мейрамхана деп, сонда өтетін кештің әрлеу жұмысы мен оны видеоға таспалаудың құнын ғана айтып отыр. Жарты миллионның ішіне мейрамхананың адам басына ақысы, тамақ шығыны мен кеш жүргізушісінің бағасы кірмейі.
Еркежан Аманжан, той ұйымдастырушы:
Балаларға фокусты қойғаннан кейін ол жерде тамада емес, шоумен жүргізеді. Енді олардың ең төмен бағасы 200 мыңнан.
Енді бұл ортақ шығынға әр баланың жеке басына жұмсалатын ақшаны қосыңыз.
Айсана Тұрыш, Астана медицина университетінің студенті:
Мен 40 мыңға көйлек алдым, шашым, макияжға 20-25 мың кеткен шығар, сосын туфлиіміз бар. 30 мыңға алдық. Ресторан, тамада және де біз ресторанға келгесін жай кіре салғымыз келген жоқ. Лимущин жалдап, солай жасдық.
Еркежан Аманжан, той ұйымдастырушы:
Негізі оқушылар бағаға қарамайды. Ата-ана айтқанын істегісі келеді. Бұрын ата-аналар комитеті бір ата-ананы таңдайтын.
Бірақ, психолог мамандар: «Бұл тойда бала қалауынан бөлек, ата-ананың рөлі де бар» дейді.
Әсел Исаханова, Психолог, Phd, Astana IT университетінің қауымдастырылған профессоры:
Баланың жетістігін біз көбінесе менің жетістігім деп қабылдаймыз, ата-аналар. Ата-аналар үшін ол белгілі бір мақтаныштың көрсеткіші.
Мектеп бітірудегі, мектеп қана емес-ау бүгінде балабақша бітіру кешіне де жеткен тағы бір үрдіс - мұғалімге сыйлық сыйлау. «Еңбегі үшін рахмет айту».
Гүлнар Омарова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мүшесі:
Дәмеленіп алған да ұстаздар болады. Кейде ұят та болса айтайын, мынаны алып бер деген де ұстаздар болады. Ондайды да кездестірдік. Маған алтын сағатым жоқ еді деген ұстаздың айтқанын естігенде мен жағамды ұстағанмын.
Мұғалімнің бәріне жала жабудан аулақпыз. Әрі Азаматтық кодекске сәйкес мұғалімдерге құны 10 АЕК-тен асатын сыйлықтар беруге болмайды. Қазір 1 айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге деп белгіленген. Демек сыйлық құны 36 000 теңгеден аспауы керек. Осы ретте ұсыныс көбіне тағы да ата-аналардан шығатыны жасыры емес.
Әсел Исаханова, Психолог, PHD, astana IT университетінің қауымдастырылған профессоры:
Ата-аналарда бір ғана бала емес бірнеше бала бір мектепте оқитын. Олар қорқады: «Ертең сыйлық бермесем мұғалімдер менің балама дұрыс қарамайды, дұрыс көңіл бөлмейді» деп.
Гүлнұр Сапарова, практик-психолог, астана халықаралық университетінің аға оқытушысы:
Бұл нәрсе расында қоғамда ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігінің нақты шегінің болмауынан. Ата-аналар тіпті бұл нәрсені дұрыс емес деп қарастырмауынан.
Әсел Исаханова, Психолог, Phd, Astana IT университетінің қауымдастырылған профессоры:
Біз қазір айтамыз ғой дұрыс мемлекет болуымыз керек, біз Жаңа Қазақстанбыз деп. Жаңа Қазақстанды бұзылып жатқан жері осы мектептен басталады. Қымбат сыйлықтар, қымбат нәрселер. Мұғалімдер үшін ең қымбат біз түсінуіміз керек ол қарым-қатынас. Құнды сыйлықтар көбіне есте қалмайды. Ал есте қалатын ол эмоционалды сыйлықтар. Немесе бір балалардың өз қолымен жасаған нәрсесі. Немесе көңіл көтеретін әрекеттер.
Гүлнұр Сапарова, практик-психолог, Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы:
Сыйлықтар берген адамның тізімін жіберу мұғалімге. Осы нәрсе де орын алып жатқан жағдай бар. Плюс, минус қойып тізім жіберу. Ақша жинауға қосылмайтын жексұрын ата-ананың бірі мен.
Әсел Исаханова, психолог, Phd, Astana IT университетінің қауымдастырылған профессоры:
Мен саған қарызға бере тұрамын. Сен маған қайтарасың дейтін ата-аналар да бар. Әр ата-ана өзінің позициясын сақтауы керек. Себебі бір ата-ана келіспеймін деп нақты айтқан кезде қалған ата-аналар да соған жақтасады. Чатта байқасаңыз белсенді ата-аналар көп жазады.+04:42 Құрсыншы дегеніміз белсенді ата-анаға өзіміздің шекарамызды бұзуға рұқсат береміз.
Биыл Қазақстан 186 мың түлек үшін соңғы қоңырау соғылатынын Оқу-ағарту министрлігі айтты. Ал бітіру кешін оқушылардың өз еркіне қалдырған.
Наталья Жұмаділдаева, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі:
Оқушы қолына аттестатын алған күннің өзінде мектеп әкімшілігі бала үшін жауапты. Десе де біздің тек балаларға моральдық тұрғыдан ғана ескерту жасауға құқымыз бар. Биыл біз оқушылардың өзіне соңғы қоңыраудың ерекше жылылықпен, сағынышпен еске алатындай форматын анықтауды ұсынып отырмыз.
Тамара Ахатаева, жеке кәсіпкер:
Біз былай шештік Бурабайға барамыз деп. Табиғат аясына. Әркім өзінің тамағын алады. Сонымен біздің мектеп бітіру кешіміз осылай өтейін деп тұр. Бұл балалардың саналы өздерінің келісіп шешкені.
Тамара Ахатаеваның биыл мектеп бітіретін баласының сыныбы осылай шешіпті. Ана бұл шешімге қуанған.
Тамара Ахатаева, жеке кәсіпкер:
Менің балам өздері де жұмыс жасайды. 14 жасынан бастап еңбек етеді. Сол бір күндік үшін бүкіл еңбегін паш етіп шаша салудың қисынсыз екендігін түсінгендіктен деп ойлаймын.
Бір жағынан қуаныштысың. Мектепті бітіріп жаңа өмір бастайсың. Үлкен қадам жасап жатырсың. Бірақ қимастық сезімдер бар.
Астана қаласындағы № 91 мектеп-гимназиясының түлектері де бітіру кешінен ерікті түрде бас тартқан. Алтын ұяларымен білім ордасының ауласында вальс билеп, ән шырқап қоштаспақ.
Аружан Құрышбек, № 91 мектеп-гимназиясының түлегі:
Сәуір айынан бастап қиын жағдайлар болып жатыр ғой елімізде. Соған қатысты біз одан бас тартамыз деп шештік. Себебі сыныбымызда батыстан оқитын балалар көп. Ата-аналарымызбен бірге уақыт өткіземіз деп шештік.
Елдос Есенбол, тілші:
Қалай дегенмен де мектеп бітіру – бала өміріндегі елеулі сәт екені сөзсіз. Ал оның қызығы да, қуанышы да – мынау аттестат. Себебі үлкен өмірге жолдама осы. Сондықтан даңғаза мерекеден соң да тіршілік жалғасатынын, бала да, ата-ана да естен шығарып алмаса болғаны. Той жарыстан гөрі, ой жарыс анағұрлым жағымды көрінетіндей...