Қазақстан - алманың Отаны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан - алманың Отаны

20.05.2024

«Қазақстан - алманың Отаны». Бельгияның Антверпен қаласындағы қазіргі заман мұражайында осындай көрме ашылды. Көрмеге Алматыдағы «Alma museum» мұражайындағы алманың тарихынан сыр шертетін тың деректер, құнды суреттер қойылған. Қазіргі алма түрлерінің арғы атасы елімізде өсетін Сиверс алмасы екенін шетелдік ғалымдар дәлелдеген. Дегенмен, мәуелі жеміс жойылып бара жатқандықтан, Табиғатты қорғау халықаралық Одағының қызыл тізіміне енген. Қазақстандық және шетелдік ғалымдар «Сиверсті сақтауға әлемдік қауымдастық ат салысуы тиіс»,-дейді.

Ажар Жандосова, «Alma museum» мұражайының директоры:
2018 жылы ашылған біздің мұражайдың мақсаты - қазақстандықтарға, елімізге келген қонақтарға алманың, әсіресе, сиверс алмасының маңыздылығын көрсету. Алманың жаңа түрлерін өсіруде сиверс алмасының генетикалық құндылығы зор. Мұндай жабайы жеміс бағы әлемде бізден басқа ешкімде жоқ. Қазақстандық алмалар мен мұражайымыз жайлы осы көрмеде таныстыру біз үшін үлкен мүмкіндік.
Антье Маевски, суретші:
Әлемдегі алмалардың арғы атасы Қазақстаннан екенін Еуропада білу маңызды. Тянь-Шань, Тарбағатай тауларындағы жабайы алмалар орманын климаттың өзгеруіне, адамдардың әрекетіне байланысты жоғалту алдындамыз. Генетикалық алуантүрлілік үшін Сиверс пен Апортты сақтап қалуымыз керек.
Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу