Иран президенті Ибрагим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Вице-президент Мохсен Мансури бұл ақпаратты X әлеуметтік желісінде растады. Мемлекеттік телеарна да Раисидің қазасы жайлы хабарлаған. Құлаған тікұшақтың жанған сынықтары таңертең Әзербайжанмен шекарадағы таулы жерде табылды.
Тікұшақта президентпен бірге Иранның сыртқы істер министрін қоса алғанда 8 адам болған. Олардың барлығы мерт болды. Иран үкіметі мемлекет басшысының қазасына байланысты шұғыл отырыс өткізіп, мәлімдеме жасамақ. Иран президенті жексенбіде елдің Шығыс Әзербайжан провинциясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге жаңа бөгетті іске қосу рәсімінен кейін опат болды. Апаттың себебі әлі аталған жоқ. Дегенмен көптеген бұқаралық ақпарат құралының жазуынша, халықаралық санкциялардың ықпалынан Иранда тікұшақтарды жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету қиындап кеткен.
Арай Төлегенқызы