Президент Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы Қытай дипломатиясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оның айтуынша Қытайдың бастамалары жаһандық күн тәртібіне ықпал етеді және халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосады. Президент Қытайды тауар өндіру және экспорттау, технологиялық инновация, экономикалық өсім, халықаралық инвестиция және басқа да көптеген салада мойындалған көшбасшы ел ретінде атап өтті. Кездесуде сауда-экономикалық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ үкіметаралық қатынастарды кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға жоспарланған алдағы мемлекеттік сапарына үлкен үміт артамыз. Қазақстан Қытайдың сенімді серіктесі және солай болып қала береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Шын мәнінде, екі ел арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың болашағы зор.
Самал Қабышева