Иранда 5 күн аза тұту күні жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранда 5 күн аза тұту күні жарияланды

20.05.2024

Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, сыртқы істер министрлі болған Хосейн Амир Абдоллахиан мінген әуе көлігі апатқа ұшырады. Әуе бортында өзге де үкімет мүшелері, эксипажды қоса алғанда 8 адам болған. Барлығы оқиға орнында көз жұмды. Осыған байланысты елде 5 күн аза тұту күні жарияланды. Бұл ақпаратты Иранның вице-президенті Мохсен Мансури растады.

Раиси мінген тікұшақ жексенбі кешке шығыс Әзірбайжан провинциясы тауларында жоғалып кетті. Иран делегациясы жұмыс сапарымен Әзербайжанда болып, қайтып келе жатқанда апатқа ұшыраған. Кортежде барлығы 3 тікұшақ болған. Екеуі аман-есен қонды. Жоғалған тікұшақты іздеу 10 сағаттан астам уақытқа созылды.

Қолайсыз ауа-райы іздеу жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтірген. Оның үстіне, таулы аймаққа көлікпен кіру де мүмкін болмады. Кейін іздеу жұмыстарына Түрік және Ресей мамандары қосылды. Бірнеше сағаттан кейін түріктің «Аканчи» ұшқышсыз аппараты тау қыраттарынан жылу көзін анықтады.

 Таңғы сағат 5:20 шамасында апаттың нақты орны табылғаны хабарланды. Тікұшақ толығымен қираған. Құтқарушылар жеткен уақытта бортта болғандардың барлығы қайтыс болған. Иран халқына Президенттерінің қайтыс болғанын вице-президент Мохсен Мансури жеткізді. Ел тұрғындары бұл жағдайды аса күйзеліспен қабылдағандарын айтады. Иран үкіметі бүгін шұғыл жиын өткізді. Онда сөз сөйлген вице-президент ел саясаты тура сол бағытта жалғаса беретінін жеткізді.
Мохсен Мансури, Иран Ислам Республикасының вице-президенті: 
Бұл жағдай барлығымызға аса ауыр соққы болды. Дегенмен ел саясатында ешқандай ауытқу болмайды. Тек алға қарай дами береміз.
Иран конституциясына сәйкес, Президент қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі бірінші орынбасарына уақытша беріледі. Үкімет кезектен тыс сайлау алдағы 50 күннің ішінде өткізіледі деді.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу