Шымкентте аналарға арналған аллея ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте аналарға арналған аллея ашылды

20.05.2024

Шымкент қаласындағы саябақтар мен демалыс орындары тағы бір гүлзармен толықты. Демеушілер қаржысына шаһар орталығынан «Аналар аллеясы» ашылды.

Кезінде автотұрақ болған бұл маң бас-аяғы 2-3 айдың ішінде жасыл желегі жайқалған, саялы мекенге айналды. 300 шаршы метрдей болатын аумаққа жайлы орындықтар қойылып, ымырт түссе жарық шамдармен бедерленіп көрінетін түрлі сәулеттік бейнелер орнатылды. Гүлзар ортасында сәбиін бауырына басқан ана сұлбасы бейнеленген.

Маржанкүл Тәттібекова, қала тұрғыны: 
Біз осы жақын жерде тұрамыз. Демалуға келдік. Жақсы демалыс орны екен.  Салқын, таза ауада демалып отырмыз.

Шаһарды абаттандыруға байланысты қазір мұнан басқа тағы бірнеше ірі жоба жүзеге асуда. Оның бірі кезінде қала мақтанышына айналған балалар темір жолының бойын демалыс аймағы етіп қайта жасақтау. Нысан балалар күні мерекесінде пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Қырғы базар маңындағы жасанды көлді қалпына келтіру және Ордабасы алаңындағы су бұрқақтарды жаңарту ісі жүруде. Ал осыған дейін қоқыс палигоны болған орын ну ағашты жасыл баққа айналмақ.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі: 
-Қазір рекультивация жұмысын жүргізіп жатырмыз. Көп ағаш егіліп, орман секілді болғалы тұр. Бұл бағытта ирригациялық жүйелер бітеліп қалған. Соны қолға алу керек. Су ағызып, бұрынғыдай микроклимат беретін салқындатып.

 Бүгінгі таңда Шымкентте 10 саябақ пен 44 гүлзар бар. Кезінде иесіз, қараусыз қалып кеткен 10 демалыс орны демеушілер қаржысына былтырдан бері қайта қалпына келтірілуде.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу