Брюссельде Палестинаны қолдауға арналған жалпыеуропалық шеру өтті. Палестина-Бельгия қауымдастығы ұйымдастырған шараға 40 мыңнан астам адам қатысты. Демонстранттар ЕуроОдақ басшыларынан Газадағы атысты тоқтатып, Израильге қарсы экономикалық, дипломатиялық санкция енгізуді талап етті.
Осымен 6-рет ұйымдастырылған шеруге Бельгия, Франция, Испания, Германия, Нидерланд пен Люксембургтан 40 мыңнан астам адам жиналды. Балаларын арбаға салып, арқаға асып алған ата-аналар, бірін-бірі жетектеген қарттар, жалынды жастар. Бәрі «Палестинаға бостандық, «Геноцидті тоқтатыңдар» деп ұрандатты.
Лара, Брюссель қаласының тұрғыны:Палестинада кішкентай балаларды, сәбилерді жазықсыз өлтіріп жатыр. Қаншама бала әке-шешесінен айырылды. Соғысты тезірек тоқтатуды өтінемін.
Амуш Готье, «Палестина-Бельгия» қауымдастығының мүшесі:Еуропалық Одақ Израиль үкіметінің Палестинада жасап жатқан сорақылығын геноцид деп тануы тиіс. Газадағы атысты тоқтатып, Палестинаға бостандық берілсін.
«Палестина-Бельгия» қауымдастығы өкілдерінің мәліметінше, соғыс басталған жеті ай ішінде 35 мыңнан астам палестиндік қаза тауып, 79 мың адам жараланған. 7 мың адам із-түзсіз жоғалып, 2 млн адам соғыстың кесірінен Отанын тастап, қашуға мәжбүр болған.
Жоель Тимэ, дәрігер:
Израиль әскері медбике, дәрігерлерге шабуыл жасап, жараланғандарды емдеуге мүмкіндік бермей жатыр. Осылайша олар «медицина қызметкерлеріне кедергі келтірмеу керек» деген халықаралық заң нормасын бұзды. ЕуроОдақ басшылары Палестинада жараланғандарды Еуропаға жеткізіп, емдеу туралы ұсыныс тастады. Біз қолдан келген көмекті көрсетуге дайынбыз.
Шерушілер халықаралық қауымдастықты Газадағы қақтығысты тезірек тоқтатуға шақырды. Сондай-ақ Бельгия үкіметі мен ЕуроОдақ басшыларынан Израильге қарсы әскери эмбарго енгізіп, экономикалық, дипломатиялық қысым көрсетуді талап етті.
Нұрсұлу Қасым