Ақмола облысында тасқын кезінде бүлінген жол жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында тасқын кезінде бүлінген жол жөнделеді

22.05.2024

Ақмола облысында су тасқыны кезінде бүлінген 20 шақырымнан астам жол жөнделеді. Қажетті жобалық-сметалық құжат дайын. Құрылыс жуырда басталады. Жалпы өңір автожолдарының 141 бөлігін қарғын су басқан. Салдарынан 40-қа жуық елдімекен қарым-қатынассыз қалған еді. Қазір олар қалпына келтірілді. Дегенмен, 14 жол учаскесі әлі де күрделі жөндеуді талап етеді. Бұл жұмыстарға шамамен 2 миллиард теңгеден астам қаражат қажет. Тасқын кезінде Көкшетау, Жалтыр-Макинск, Қима-Терісаққан жолындағы 3 көпірді су шайып кеткен. Қазір техникалық тексеріс жүргізіліп жатыр. Кейін қираған көпірлердің орнына жаңасын салу немесе күрделі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданады.

Жұмабек Хайролла, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Жалтыр-Макинск бойынша жұмыстар жүргізілді. Уақытша жұмыстар. Оның үстінен машиналар өтіп жатыр. Бірақ Көкшетау қаласындағы және Қима-Терісаққанда үлкен машиналар өте алмайды. Жеңіл машиналар өтіп жүр. Ал Көкшетау қаласындағы Әшімов көшесінде ол көпір жабық.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу