Вашингтонда жыл сайынғы Транскаспий форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтонда жыл сайынғы Транскаспий форумы өтті

22.05.2024

Орта дәліз яғни, транскаспий халықаралық көлік жолы институционалды деңгейге жетті. Вашингтонда жыл сайынғы Транскаспий форумы өтіп, Орта дәлізді ширату жайы талқыға түсті. Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.

Биыл сегізінші рет өткен транскаспий форумының ауқымы ерек. Маңызды шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің дипломаттары, белгілі сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Жылдар бойы бұл жобаға аса мән бермей, атүсті қарап келген АҚШ бастаған батыс елдері Ресей Украина соғысы басталған уақытта көзқарастарын кілт өзгертті. «Нәтижесінде екі жыл ішінде орта дәліз жобасы институционалды деңгейге жетті», - дейді елші Ричард Хогланд.

Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі /2008-2011/:

Бұл тек осы аймақ үшін ғана емес бүкіл әлем үшін тиімді жоба. Ортаға ғасырларға зер салсаңыз жібек жолы көз алдыңызға келеді. Сауда жолы Қытай, Орта Азия және Еуропаны яғни батыс әлемін байланыстырып тұрды. Қазір сол замандағыдай белсенділік артып келеді. Бұл өте үлкен жетістік.

Сондықтан да «Орта дәліз» заманауи жібек жолы деп те аталып жүр. Автомобиль, темiр жол және теңiз тасымалдары біріктірілген мультимодальды көлік дәлізі Қытайдан Еуропаға тауар жеткізуге арналған ең тиімді жол. Аймақ елдері де қарап қалмай, қыруар қаржы шығарып, тиісті инфрақұрылымын жетілдіру ісіне кіріп кетті.

Уэсли Хилл, халықаралық сарапшы:

Қазір біз Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалы бойынша байланыстың ширағанын көріп отырмыз. Түрікменстан да назарын аудара бастады. Грузия батысқа жүк жеткізетін және одан кері әкелетін транспорттық инфрақұрлымын жетілдіріп жатыр. Демек, тараптар сөзден іске көшті, нақты прогреске куә болудамыз әрі бұл қарқын арта түседі деп ойлаймыз.

Эрик Руденшольт, Caspian policy орталығының сарапшысы:

Екі-үш жыл бұрын орта дәліз тек жоспар ғана болатын. Қазір бұл шынайы нақты қозғалысқа айналды. Мемлекеттер, үкіметтер, бизнес қауымдастық осы дәлізді іске асыру бойынша белсенді жұмысқа кірісті. Бұл жобаға әсіресе, энергетикалық, стратегиялық минералдар өндіретін компаниялар аса қызығушылық білдіріп отыр.

Қазірдің өзінде орта дәліз арқылы жүк тасымалы еселеп артты. Бұл жобаның дамуынан әсіресе Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб - Қазақстан ерекше ұтпақ. Себебі, Қытайдан Еуропаға құрлықпен жеткізілетін жүктердің 80 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу