Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары қаралды

22.05.2024

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Басқосуда Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың үш жылға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды. Отырыста Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасында көлеңкелі экономика деңгейін төмендету міндеті қойылғаны айтылды. Бұл бағдарламаны іске асыру үшін Үкіметтің былтыр кешенді жоспарды бекіткені атап өтілді. Нақты айтқанда, құжат мұнай және мұнай өнімдерінің, дәрі-дәрмектің, цифрлық активтердің айналымы сияқты бағыттарға қатысты іс-шаралармен толықтырылды.

Осы мәселе бойынша Қаржы мониторингі агенттігі, Қаржы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрліктері, «Самұрық-Қазына» басшыларының баяндамалары тыңдалды. Мемлекеттік кеңесші Кешенді жоспарда қарастырылған іс-шараларды сапалы орындаудың, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізудің, тәжірибені ескеріп, көлеңкелі қызметке бейім басқа салаларды анықтаудың және қабылданып жатқан шараларды жаңартып отырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекеттік органдар мен мекемелерге жоспардағы тиісті шараларды толық орындау туралы тапсырма берілді. Жиын барысындағы талқылауды ескере отырып, Комиссия нақты ұсынымдар әзірледі. Отырысты қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші бірқатар тапсырма берді және оның орындалуы бақылауға алынды.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу