Қызылорда облысында тәрбие берудегі өзекті мәселелер талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында тәрбие берудегі өзекті мәселелер талқыланды

23.05.2024

Қызылорда облысында кәмелет жасқа толмаған балалар арасында қылмыс тыйылмай тұр. Оқушылардың түнгі уақытта топ болып көшеде жүріп, түрлі бұзақылыққа баруы тәрбиенің ақсап тұрғанын аңғартады. Осы мәселе аймақ педагогтары мен ата-аналардың қатысуымен өткен алқалы жиында жан-жақты талқыланды.

Сыр өңірінде жыл басынан бері мектеп оқушылары арасында топтық төбелес, әлімжеттік көрсету секілді бұзақылықтар жиілеп кетті. Ең сорақысы жасөспірімдердің өзара текетіресі қайғылы жағдайға әкеп соғуда. Өткен жылмен салыстырғанда кәмілет жасқа толмағандармен жасалған ауыр қылмыстардың саны артқан. Яғни, жас ұрпақтың тәрбиесі қоғамның басты мәселесіне айналды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Бүгінгі ұрпаққа сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру қоғамның басты міндеті. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тыя алмасақ, арты небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы мүмкін. Өкінішке орай, қазірдің өзінде орын алып жатқан ауыр жағдайлар осының дәлелі.

Бірер күн бұрын Шиелі ауданы, Қодаманов ауылында мектептің жоғары сынып оқушылары төбелесіп, ауыр соққы алған бір бала қайтыс болды. Прокурорлар жасөспірімдер қылмысын зерделеп, тәрбие мектепте ғана емес әрбір бұзақылыққа барған жасөспірімнің отбасында ақсап тұрғанын дерек-дәйекпен келтіріп отыр.

Нұрболат Дүйсенбаев, Облыс прокурорының орынбасары:

Жалпы жасөспірімдермен ұрлық, қорқытып алу, қарақшылық, бұзақылық қылмыстары түнгі уақытта болған. Сонда осы қылмыс жасаған балалардың ата-аналары түнгі уақытта қайда қарады деген негізгі сұрақ туындайды. Мысалы осы жылы 179 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылса, оның 76-сы профилактикалық есепке алынбаған.

Алқалы жиында аймақ басшысы Шиелі ауданының әкіміне қатаң сөгіс жариялады. Ал қылмыс орын алған Қодаманов ауылының мектеп директоры мен аудандық білім бөлімінің басшысы, учаскелік инспекторы қызметінен босатылды.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу