Қазақстандықтарға жұбайының рұқсатынсыз несие берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтарға жұбайының рұқсатынсыз несие берілмейді

23.05.2024

Қазақстандықтар енді жұбайының рұқсатынсыз несие ала алмайды. Мәселені бүгін Сенат депутаттары талқылады. Жаңа құжат бойынша. несиенің пайыздық мөлшерлемесі де реттелмек. Жаңа заң негізінде несие берудің негізгі принциптері өзгереді. Ең әуелі тұтынушылық қарызға тәуелділердің санын азайтуға күш салынбақ.

Яғни, банктер енді кредитті кез-келген адамға бермейді. Төлемді тоқсан күннен кешіктіргендер жаңасын рәсімдей алмайды. Заңды жұбайының рұқсатынсыз қомақты қарыз алу да мүмкін болмайды. Өйткені бізде борышқа белшесінен батқандар көбейіп кеткен. Дәл қазір 8,4 млн қазақстандықтың тұтынушылық несиесі бар. Жалпы көлемі 14 трлн теңгеден асады. Оның 1,6 трлн теңгесі проблемалық қарызға айналыпты. Қайтарылмай жатыр.

Заң қабылданған соң алаяқтар біреудің атынан несие ала алмайды. Қарызды рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру міндеттелмек. Қаржы ұйымдарына да талап күшейтілмек. Шағын несиенің пайыздық мөлшерлемесі реттеліп отырады. Қарызын 3 айдан астам уақыт төлей алмағандарға өсімпұл есептелмейді. 2026 жылға дейін өтелмеген несие коллекторларға сатылмайды. Әскер қатарына шақырылғандарға да жеңілдік жасалмақ.

Олжас Қизатов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
Банктер, микроқаржы ұйымдары әскери қызметкеріне автоматты түрде кейінге қалдыруға мүмкіндік береді.  Қосымша сенатор депутаттардың ұсынысы бойынша қосымша 60 күн қосылады. Біз оны жалпы қолдаймыз. Қаржы ұйымдары да қолдап отыр.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тек тыйым салумен мәселе шешілмейді, жүйелі жұмыстар атқару керек, - деді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Біз халықтың несиелік жүктемесі өте үлкен екенін көріп отырмыз. Олар несиені бостан босқа алмайды. Аса қажет болған жағдайда амалсыз алады. Жай да ақшасы жетпей жүрген адамға ай сайынғы төлем де оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан біз бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға назар аударуымыз керек.

Бүгін заң жобасына тағы 35 түсету енгізілді. Сенат құжатты екі оқылымда қарап Мәжілістің қарауына қайтарды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу