Мамандар орман өрті қауіпсіздігін тексерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандар орман өрті қауіпсіздігін тексерді

23.05.2024

Жаз өте ыстық болады. Мамандар өрттің алдын алу үшін қосымша жаңа техникалар алып, қауіпті аймақтарды әуеден бақылап жатыр. Тілшіміз Динара Жарқынбек Ақмола облысы Сандықтау ауылында өткен оқу-жаттығу шарасына барып қайтты.

Табиғи апаттың алдын алу үшін техника дайын болуы керек. Облыс әкімі мамандарға 32 өрт сөндіру көлігінің кілтін табыс етті. Ал биыл орман өрті қаупінің жоғары екенін ескерген мамандар оқу-жаттығу жұмыстарын Маралды орман шаруашылығында өткізді. 300-ден астам қызметкер, 100-ден астам техника, 2 тікұшақпен аумақты тексеріп шықты.

Николай Лесной, «ҚАЗӘУЕОРМАНКҮЗЕТІ» РМҚК бөлімше командирі:
Біздің өңірде бірнеше тікұшақ бар. Үнемі бақылау жүргіземіз. Егер өрт болса, оны сөндіруге техника жеткілікті. Бір тікұшақ 3 тоннаға жуық су көтере алады. Облыстағы орман алқаптарында 100-ден астам шағын су қоймасы бар. Содан аламыз.

Биыл республика бойынша 33 орман, 148 дала өрті тіркелді. Бүгінге дейін мамандар 175 өрт-тактикалық оқу-жаттығуларын жүргізген. Экология министрлігінің дерегінше, алдағы жаз әдеттегіден ыстық болады деп болжануда. Қарқынды дайындықтың бір себебі де осында.

Андрей Ким, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
Биыл 108 өрт сөндіру көлігі, 79 орман өрт сөндіру шағын кешенін салу, 37 трактор сатып алу жоспарланған. Және елімізде қауіпті аймақтарды әуеден бақылау жұмыстары жүзеге асырылады. Республика бойынша 15 нүкте бар.

Мамандар табиғат аясына демалуға барғандарға от жақпауға, қауіпсіздікті сақтауға шақырады. Тәртіп бұзған азаматтарға айыппұл салынады. Егер тұтанған өрттің арты қайғылы жағдайға ұласып, шығын әкелсе, қылмыстық жазаға тартылатынын ескертеді.


Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу