Елімізде жолаушы тасымалдайтын вагондардың 30%-ы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жолаушы тасымалдайтын вагондардың 30%-ы тозған

23.05.2024

Елімізде жолаушы тасымалдайтын вагондардың 30% әбден тозған. Олардың теміржолдан түспегеніне - 30 жылдан асқан. Бірақ, соған қарамастан, жауапты компания жаз айларында 5 млн-ға жуық жолаушы тасымалдауды жоспарлап отыр. Биыл 1400 шақырым темір жол жөнделеді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Біз қазір «Нұрлы жол» вокзалындамыз. Міне, менің артымда рейстердің келіп-кету уақыты жазылған арнайы табло тұр. Онда бірнеше пойыздың кешігіп келетіні көрсетілген. Тиісінше, мұндағы жолаушылардың кейбірі өз рейсін сағаттап күтуге мәжбүр.

Расымен де пойыздың кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Компания басшылары күніне кем дегенде 4-5 рейс уақытынан кешігіп келіп, кешігіп кететінін мойындап отыр. Себебін былай түсіндірді.

Жәнібек Тайжанов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры:
Рейстердің кешігуіне екі себеп бар. Бірі ауа райының қолайсыздығы, екіншісі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі. Ешкімге жасырын емес, еліміздегі темір жол желілерінің біраз бөлігі ескірген. Сондықтан біз жыл сайын көктемнен күзге дейін жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Биыл 1400 шақырымдық участкеде рельстерді жаңартамыз. Сондықтан кешігетін рейстер үшін алдын ала кешірім сұраймыз.

Демек пойыздардың кешігуі жуырда шешілмейтін сыңайлы. Оған қоса жолаушылар әлі күнге әбден тозығы жеткен вагондармен жүруге мәжбүр.

Вагондардың 30 пайызы әбден ескіріп, тозығы шыққанын компания басшылығы біледі және 2030 жылға дейін оларды толықтай жаңартамыз деп отыр. Жыл соңына дейін 157 вагон сатып алу жоспарланған. Оның ішінде тек әйелдерге арналғаны бар. Олар «Астана-Семей», «Ақтөбе-Алматы» «Алматы-Шымкент» бағыттарында қатынайды. Ал, ең қуантарлығы, биыл билет бағасы қымбаттамайды екен.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу